Фото: Blue Origin
Америкалық Blue Origin компаниясы New Glenn зымыранын екінші рет ұшырып, оның бірінші сатысын алғаш рет сәтті қондырды. 14 қарашада Канаверал мүйісінен жүзеге асқан ұшырылым барысында зымыран NASA-ның марсиандық ESCAPADE миссиясын орбитаға шығарды, деп хабарлайды "Адырна".
Ұшудан үш минут өткен соң жеті BE-4 қозғалтқышымен жұмыс істейтін бірінші саты бөлініп, Атлант мұхитындағы Jacklyn теңіз платформасына дәл қонды. Бұған дейінгі NG-1 ұшырылымында сатының қозғалтқыштары қайта іске қосылмаған еді.
Негізгі жүк – Марс атмосферасының күн желімен әрекеттесуін зерттеуге арналған ESCAPADE миссиясы. Rocket Lab компаниясы жасаған Blue және Gold деп аталатын екі аппарат ұшырылғаннан кейін 33 минут өткен соң жоғарғы сатыдан бөлінді. Әрқайсысының салмағы шамамен 535 килограмм. Қосымша жүк ретінде NASA-ның болашақ коммерциялық байланыс жүйелеріне арналған Viasat компаниясының тәжірибелік модулі шығарылды.
ESCAPADE миссиясы бастапқыда Psyche зондымен бірге ұшырылуы тиіс болған. Алайда жобаның кейінге қалдырылуына байланысты аппараттарды қайта жобалап, жаңа ұшырылым – New Glenn арқылы жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Марсқа дәстүрлі терезені күтпеу үшін аппараттар әуелі Жерден 1,5 миллион шақырым қашықтықтағы L2 Лагранж нүктесіне барады. Онда шамамен бір жыл тұрып, 2026 жылдың соңында Марсқа бет алады. Қызыл ғаламшарға 2027 жылдың қыркүйегінде жетеді. Миссияның жоспарланған ұзақтығы – кемінде үш жыл.
Blue Origin үшін бұл ұшырылым маңызды кезең саналады. Компания алғаш рет NASA-ның ғылыми жүгін орбитаға шығарып, New Glenn зымыранының қайта пайдалануға жарамды бірінші сатысын көрсетіп берді.