Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңарту басты назарда екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, аймақтағы 402 мектептің жартысынан көбі 50 жыл бұрын салынған, сондықтан жаңа білім нысандарын тұрғызу – ең өзекті міндеттердің бірі. Қазірдің өзінде он жаңа мектептің жер телімі белгіленіп, Қарағанды, Қарқаралы, Приозерск қалалары мен Нұра кентінде ескі мектептердің орнына заманауи білім ошақтары салынбақ.
Өңірде мектептерді қайта жаңғырту аясында 260-тан астам нысан жөнделді. Оның ішінде 33 нысанға 8,1 млрд теңгеге күрделі, ал 232 нысанға 7,2 млрд теңгеге жөндеу жүргізілді.
Бұл – тек қабырғаны сырлау емес, түптің түбінде білім сапасын көтеруге, балаларды ынталандыруға және мұғалімдерге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыс, – деді Әлденей.
“Келешек мектептері” жобасы аясында 2023 жылдан бері Қарағанды, Балқаш және аудандарда 7100 орынға шақталған 10 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі (4400 орын) пайдалануға берілсе, қалған алтауы әлі салынып жатыр. Бұдан бөлек, қосымша білім беру ұйымдары желісін кеңейту жоспарда бар. Мысалы, Майқұдықтағы Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуда, сондай-ақ Қарқаралы мен Қарағандыда тағы екі Оқушылар сарайы салынбақ.
Әкім орынбасарының айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл балаларына да қолжетімді сапалы білім беру ортасын құруға ерекше көңіл бөліп отыр.
Сонымен қатар, аймақта Оқу-ағарту министрлігінің “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” жобасы жүріп жатыр. Ол мектеп басшыларының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Ал “Ustaz Pro” жобасы мұғалімдерді кәсіби дамытуға, заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдарды енгізуге және білім мекемелерін аккредиттеуге жол ашады.
Барлық бастаманың түпкі мақсаты – балаларға сапалы білім, мұғалімдерге қолайлы жағдай жасау және өңірдің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру, – деп деп айтты Әлібек Әлденей.