Депутат қауіпті пранктерге тыйым салуды ұсынды (ВИДЕО)

2096
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rtKAN4MAbznJt74doSkRS2JntIjnAKnuz8PFhbly.jpg

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қоғамдағы “қауіпті пранктерге” қатысты қатаң шара қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Депутат қоғамда кең етек жайған пранк бейнероликтерге байланысты Үкіметке сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде адамды қорқыту, қоғамдық орында әдепсіз әрекеттер жасау, өзге адамның жеке өміріне қол сұғу сияқты «әзіл» түрінде түсірілген бейнелер көбейіп кеткен.

«Пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен, парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті. Қоғамда пранкті қызық көріп, ақылға сыймайтын әрекет жасап жүргендер аз емес», – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ол нақты мысалдар келтіріп, Астанада лифт ішіне «жалған мәйіт» кіргізіп, адамдарды шошытқан, тапаншамен қоғамдық орында видео түсірген, Алматыда аула сыпырушыларды мазақ еткен блогерлердің әрекеттерін сынға алды.

Сондай-ақ депутат шетелде Қазақстанның абыройына нұқсан келтірген пранктерге де тоқталды. Оның сөзінше, Қытай мен Өзбекстанда түсірілген кей видеолар ел имиджіне кері әсерін тигізіп отыр.

«Ойыннан да омыртқа сынатынын білмейтін блогер-сымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Бұл – адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу», – деді ол.

Сәрсенғалиев соңғы уақытта жасанды интеллект арқылы жасалған пранктердің де көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Мұндай бейнелерде мемлекеттік тұлғалар немесе қарапайым азаматтардың жалған бейнесі жасалып, қоғамда шатасу туындауда.

Осыған орай ол Үкімет пен тиісті органдарға арнайы шараларды қабылдауды ұсынды.

댓글
기타 기사