Республика күні – егемен елдің жаңа белесіне бастайтын рухты мереке

1572
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nYwnnUtNuVNpiDoGCASvL5dZAXg7tyWXuOB44B3u.jpg

Республика күніне арналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасы – ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын, егемендік идеясының өміршеңдігін дәлелдейтін маңызды үндеу болды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген Мемлекет басшысының сөзінде көтерілген басты қағидаттарға тоқталып, еліміздің ұлттық жаңғыру жолындағы саясаты мен жаңа құндылықтар туралы өз көзқарасын ортаға салды.

Президент еліміздің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толғанын еске салды. «Дәл осы күні ғасырлар бойғы мемлекетіміздің дәстүрі қайта жаңғырып, Тәуелсіздігіміздің туы биікке көтерілді. Тарихи әділеттілік орнап, ұлттық рухымыз нығая түсті», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

- Елдің таңдаған бағыты туралы Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында еліміздің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толғанын атап өтіп, сол тарихи күннің маңызын айрықша көрсетті. Бұл құжат — Тәуелсіз Қазақстанның саяси және рухани іргетасын қалаған тарихи шешім болды.

Бүгінгі таңда еліміз осы бағытты лайықты жалғастырып келеді. Елдің таңдаған бағыты – ұлттық мүддеге, тұрақты дамуға және әділ қоғам орнатуға негізделген. Бұл – саяси жаңғыру мен экономикалық серпілісті, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық келісімді қатар өрбітетін сара жол. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы саясатын еліміздің болашағын айқындайтын нақты бағдар деп есептеймін.

- Сіздің ойыңызша, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда айқындалған құндылықтар мен бағдарлар Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған Президент Тоқаевтың саясаты арқылы қаншалықты жүзеге асып жатыр деп ойлайсыз?

- 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда әділдік, тәуелсіздік, халық билігі және бірлік секілді құндылықтар айқындалған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазіргі саясат – сол рухани-идеялық іргетастың заманауи жалғасы.

Бүгінде “Әділетті Қазақстан” тұжырымдамасы осы құндылықтарды өмірдің барлық саласында жүзеге асыруға бағытталған. Әділдік қағидаты мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауда және жастарға тең мүмкіндік беруде көрініс табуда. Бұл – Декларацияда бекітілген ұлт мүддесінің бүгінгі күн талабына сай жүзеге асуының айқын дәлелі.

- Төрт жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарып берді. Бұл күн нені білдіреді? Оның қазақстандық қоғам үшін маңызы неде деп санайсыз?

- Президенттің бастамасымен үш жыл бұрын, яғни 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы – тарихи әділеттіліктің орнауы деп білеміз. Бұл күн – тәуелсіздіктің бастауы, мемлекеттіліктің қайта түлеуі және ұлттық рухтың жаңғыру символы.

Қазіргі қоғам үшін Республика күні – елдік бірліктің, мемлекетке деген құрметтің және отансүйгіштіктің мерекесі. Әсіресе жастар үшін бұл күн – өз елінің тарихын терең түсінуге, азаматтық жауапкершілікті сезінуге және ел дамуына үлес қосуға үндейтін ерекше рухани сәт.

- Президент атап өткендей: «Біздің елімізде ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтар аз емес». Республика күніне орай бірқатар қазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Биылғы жылы еңбек адамдарына, жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне алғыс білдіруге ерекше мән берілді деуге бола ма?

- Президент өз сөзінде ел дамуына үлес қосқан еңбек адамдары мен жұмысшы мамандықтарының өкілдерін айрықша атап өтті. Биыл марапатталған азаматтардың қатарында өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етіп жүрген мыңдаған отандастарымыз бар.

Бұл – қоғамда еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет тарапынан мұндай құрмет көрсету – жастарды адал еңбекке, кәсіби шеберлікке және елге қызмет етуге ынталандырады. Университетіміздің де басты миссиясы – дәл осындай еңбекқор, жауапты, бәсекеге қабілетті тұлғаларды тәрбиелеу.

- «Жаңа элита» шынымен де елдің жаңғыруына, экономикалық және басқарушылық жүйенің жаңаруына қозғаушы күш бола ала ма? 

- Президент атап өткен «жаңа элита» ұғымы – тек билік немесе бизнес саласының өкілдері ғана емес, елдің әр саласында кәсіби және моральдық тұрғыда үлгі бола алатын жаңа буын мамандар қауымын білдіреді.

Жаңа элита – жаңашыл ойлайтын, қоғамға қызмет етуді басты мақсат санайтын, білімі мен бәсекеге қабілеттілігі арқылы ел дамуына үлес қосатын тұлғалар. Мұндай ұрпақты қалыптастыруда университеттердің рөлі ерекше. Сондықтан біз жастарға тек білім ғана емес, жауапкершілік пен отансүйгіштік рухын да дарытуға күш саламыз.

- Тоқаев өз сөзінде бірлік, тұрақтылық және жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Сіздіңше, «экономикалық патриотизм» ұғымы Қазақстан үшін нені білдіреді?

- Президенттің пікірінше, қазіргі заманда елге деген сүйіспеншілікті тек сөзбен емес, нақты іспен – еңбек, өнімділік және инновация арқылы көрсету қажет. Міне, осы ұғымның өзегі – экономикалық патриотизм.

Экономикалық патриотизм – бұл өз елінің игілігі үшін еңбек ету, отандық өнімді қолдау, жергілікті кәсіпорындардың дамуына үлес қосу, ұлттық экономиканы нығайтуға мүдделі болу. Бұл – әр азаматтың өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарауының жаңа мәдениеті.

Білім мен ғылым саласында да экономикалық патриотизм – еліміздің кадрлық, ғылыми және инновациялық әлеуетін арттыру арқылы көрініс табады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекелік баяндамасы – елдің даму бағытын айқындайтын, рухты көтеретін және қоғамды бірлікке шақыратын маңызды үндеу. Бұл – егемен еліміздің жаңа белестерге қадам басуының айқын белгісі.

댓글
기타 기사