Бір адам қаза тапқан. Ауыл әкімі жол апатына түсті

1353
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ncc1RH3a78lcV1FzFCKLZO0Qrwxb3Exll86SYV4f.png

Алматы облысында Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Даулеталиев қатысқан жол апаты орын алды. Оқиға салдарынан бір адам көз жұмды, ал әкім мен тағы бір жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды “Адырна”.

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, әкім қызметтік көлікпен Райымбек ауданындағы таулы аймаққа бара жатқан кезде рөлге ие бола алмай, көлік жолдан шығып кеткен. Салдарынан автокөлік бірнеше рет аударылып, 38 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.

Әкім мен тағы бір жолаушы ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Талғар ауданы әкімінің аппаратында Дулат Даулеталиевтің жол апатына ұшырағанын растады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, әкім ауруханада ем қабылдап жатқандықтан, әзірге қызметтік тексеріс жүргізу мүмкін емес.

«Процессуалдық әрекеттер аяқталған соң және мемлекеттік қызметкер жұмысқа шыққаннан кейін, тәртіптік шара қолдану мәселесі этика кеңесінде қаралады», — деп мәлімдеді әкімдік.

Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 13 қыркүйекте Қарасаз – Сарыжаз автожолында болған.

“Bestune T55 маркалы көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен», — делінген облыстық ПД хабарламасында.

Полиция қажетті сараптамаларды тағайындап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Іс департамент басшылығының бақылауында.

댓글
기타 기사