Тұрғын үй кешендерінің атаулары тек мемлекеттік тілде жазылатын болды

1523
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/c9xDQOLevcKzpXw72IvtgiatzjQ2odY5XJNB5xFu.jpg

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстанда құрылыс саласына жаңа талап енгізіледі. Енді елдегі барлық тұрғын үй кешендерінің атаулары тек мемлекеттік – өзбек тілінде жазылуы тиіс. Бұл норма 22 қазанда қабылданған үкімет қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды «Адырна».

Жаңа талаптың мақсаты — өзбек тілінің мәртебесін күшейту

Құжатта бұл өзгеріс құрылыс саласында мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру және ұлттық тіл саясатын нығайтуға бағытталғаны айтылған.

Талап тек тұрғын үй кешендерінің атауына ғана емес, құрылыспен байланысты барлық ақпараттық материалдарға қатысты. Енді:

  • құрылыс нысандарындағы тақтайшалар мен баннерлер,
  • ғимарат төлқұжаттары,
  • уақытша қоршаулардағы жазбалар,
  • құрылыс паспорттары — барлығы өзбек тілінде жазылуы міндетті.

Сонымен қатар, 2025 жылдың басынан бастап елдегі жарнамалық мәтіндер мен хабарландырулар да тек мемлекеттік тілде жариялануға тиіс.

Үкімет қаулысында көрсетілгендей, құрылысқа рұқсат алу, техникалық бақылау жүргізу және нысанды пайдалануға қабылдау сияқты барлық рәсімдерге қатысты құжаттар мемлекеттік тілде әзірленуі қажет.

Қазіргі таңда Өзбекстанда көптеген құрылыс компаниялары тұрғын үй кешендеріне ағылшын тілінде атау беріп келген. Мысалы: New National Way, Favorit Residence, Kompakt House, Newport, Regnum Plaza және тағы басқа атаулар жиі кездеседі.

Бірнеше күн бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі жаңа қаулыға қол қойған болатын. Құжатта өзбек тілін қоғамның барлық саласында кеңінен пайдалану, оны заманауи технологиялармен ұштастыру және оқыту сапасын арттыру шаралары қамтылған.

2026 жылдан бастап барлық мемлекеттік органдар мен аймақтық әкімдіктерде (хокимияттарда) руханият және мемлекеттік тіл жөніндегі кеңесші лауазымы енгізіледі.

Бұдан бөлек, елде жасанды интеллект негізіндегі өзбек тілін қолдау платформасы әзірленеді. 1 желтоқсанға дейін жаңа терминдерді тіркеу мен талқылауға арналған веб-ресурс жасау бойынша ғылыми жобаға конкурс жарияланбақ.

댓글
기타 기사