Халықаралық медициналық ынтымақтастық күшейтілді

571
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FpISfFPEkAOYtX4nus9WA7M8nV5FyPCHRVt9dWMP.jpg

20 қазан күні Батыс Қазақстан облысына Оңтүстік Кореяның Квандонг университеті жанындағы халықаралық "Saint Mary" клиникасының делегациясы ресми сапармен келді.

Делегацияны клиниканың президенті және бас атқарушы директоры Ко Дон Хён мырза бастап келді.Сапар барысында тараптар денсаулық сақтау саласында ынтымақтастық орнатып, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында медицина саласында тәжірибе алмасу, халықаралық медициналық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, заманауи технологиялар мен тәжірибелермен алмасу, қазақстандық мамандарды Кореяда оқыту және тағылымдамадан өткізу мәселелері талқыланды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бұл келісім – өңір медицинасының сапасын арттыруға және халықаралық стандарттарға сай тәжірибені енгізуге үлкен мүмкіндік.

"Бұл құжаттың маңызы зор. Кореялық тарап дәрігерлерімізді тағылымдамадан өткізуге, шеберлік сабақтары мен семинарлар ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар олардың жетекші мамандары өңірімізге келіп, бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Біз бұл кездесуді тек ресми рәсім ретінде емес, нақты нәтижеге бағытталған ынтымақтастықтың бастауы деп есептейміз", – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

«Saint Mary» клиникасының президенті және бас атқарушы директоры Ко Дон Хён мырза өз сөзінде клиниканың миссиясы тек пайда табу емес, медициналық білімді бөлісу арқылы басқа елдердің денсаулық сақтау жүйесін дамыту екенін атап өтті.

«Қазір біз шетелдік мамандарды қабылдап, оларды тәжірибеден өткізу бағдарламаларын іске асырып жатырмыз. Әсіресе жүрек-қан тамырлары, ми қан тамырлары мен онкологиялық аурулар бойынша жоғары білікті мамандарымыз бар. Батыс Қазақстан облысымен де нақты нәтижелерге жетуді көздейміз», – деді ол.

Бұл ынтымақтастық – өңір медицинасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам. Тараптар меморандум қағаз жүзінде қалып қоймай, жүзеге асатын жобалармен толықтыруға уағдаласты.

댓글
기타 기사