«Біздің тарихымызды отарлаушылар жазды» – тарихшы Қанат Өскенбаев

588
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PQMn6XqB2aLA2GdKM2o3dAaejpS0hcGaxpjxVPow.jpg

Астана Халықаралық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбаев Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында ХХ ғасырдың басында және тәуелсіздік алған уақыттан бастап, шынайы тарих жазыла бастағаны туралы пікір білдірді.

«Қазіргі уақытта жалған тарихты жазу немесе бұрмалау, блогер тарихшылардың шығуы бүгінгі күннің көрінісі емес сияқты. Бұл бұрыннан бар, әрі тамыры тереңде жатқан тақырыпқа айналған. Біз көптеген дәуірлерден өттік. Советтік заманды басымыздан кешірдік, патшалық заманды кешірдік. Біздің тарихымызда көбіне отарлаушылар жазды. Бізге тарихи ғылым кеш келген елміз. XIX  ғасырда Шоқан, бер жағында Әлихандар жазды. ХХ ғасыр басында Мұхамеджан Тынышпаев, Санжар Асфендияров, бертін келе Ермұхан Бекмахановтар жазды. Олардың көбісі шынайы тарихты жазамыз деп, құрбан болды. Содан болар советтік кезеңде тарих жазғандарды лупа арқылы тексеріп отырды. Шыңдықты жазғаннан гөрі, коммунистік идеяны жазуға басымдылық беріліп, өздерінің шығармашылығында оны көрсету міндеттелді. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап, шынайы тарих жазыла бастады», – деді Қанат Сәдуақасұлы.

Тарихшы ғалым 90-жылдары, енді тәуелсіздік алған уақытта, саясатқа енді кіріскенде романтикалық дүниелердің көптеп жазылғанын атап өтті.

«Аңыз-әңгімелер, ертегілер, тіпті мифті кәдімгідей тарих ретінде түсінгендер болды. Дәл осы кезде батырлардың, билердің есімдері атала бастады. Ешкім етікшінің баласы болған жоқ. Бәрі сол атақты адамдардың ұрпақтары болғысы келіп, “бірі біліп істесе, бірі білмей істеп” тарихты жаза бастады. Бұған тек қана журналист, әдебиетші, тарихшы мамандар кіріскен жоқ, қарапайым халық та кірісті…», – деді тарихшы.
Сонымен қатар ол мектеп пен университет оқулықтарын жазу кезінде белгілі бір тарихи нормаларды ескеру қажеттігін айтты.

«Тарихты оқығанда біз қарапайым халыққа “мынаны жазып алыңыз, мынаны тиіспеңіз” деп айта алмаймыз. Өйткені тарих деген адамзат баласына ортақ дүние. Тарихи сана, тарихи процестер адам баласының дамуымен келе жатқан дүние. Тарих әрбірден соң мемлекеттің, халықтың, елдің бәріне ортақ. Сондықтан жеке адамдардың тарихы болады. Жазбаңыз деп айтпаймыз. Бірақ жазудың белгілі бір нормалары болады. Мектеп пен университет, ғылыми институттардың оқулықтарын жазу үшін шынайы тарих жазылу керек. Оған кәсіби тарихшылар жазуымыз керек. Өйткені олар оқулықтың белгілі бір тәртібіне сүйеніп, тарихи этикетті сақтай отырып, дерек көзін көрсетіп, ақиқат тарихты жазады», – деді тарихшы.

댓글
기타 기사