Әдебиет пәні мен Қазақ тілін біріктіру қажет

755
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fY89t1kNF565CGmognvLwQpgWQhxtmb4qOo4kNj0.jpg

Қасиетті қазақ тіліміздің Отан аясындағы жағдайы бәрімізге белгілі. Солтүстік Қазақстан сынды өңірлерде халі недәуір міскін. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, тілдің маңыздылығын қайталап, оқырманның уақытын алудың қажеті шамалы. Бұл, ерқашты болған тақырып.

Отанымыздың күннен-күнге жақсы дамуы үшін, сапалы мектеп, дұрыс бағдарлама, мәйекті оқулық, білікті ұстаз, білімді шакірт ауадай қажет. Мектеп қанша заманауый, мұғалім қанша білікті болғанымен, оқыту бағдарламасы мен оқулық жүйелі әрі кемелді болмаса, оқу-оқыту сапасын жоғарылатамын деу «айға тас лақтырғанмен» бірдей далбасалық. Қолы киелі зерігерге қисық төс, дөкір балға, өтпес пышақ бергенмен бірдей әңгіме. Алда, білікті ұстаз болған жаңа министр Жұлдыз Досбергенқызының бастамашылығында ауқымды реформа, батыл шешімдер жасалып, еліміздегі саны көп, сапасы аз оқулықтардың көзі жойылып, оқу орындарындағы жемқорлық аластатылып, оқу-ағартуымызға тың серпін, оң энергия беріледі деген үміттеміз әрі недәуір сенімдіміз.

«Атыңның басы бітіп жорғасы қалыппа» деген. Біз Отанымызда ана тілдің біліктілігін арттырып, қолдану аясын кеңейтеміз дейді екеміз, «Қазақ тілі» пәнін «Әдебиет» пәніне қосуымыз керек. Менше, Қазақ тілін айырым пән ретінде оқытып, балаларға грамматика үйретудің қажеті жоқ. «Қазақ тілі» оқулығында да грамматика үйренуге арналған көптеген мәтіндер бар. Мұның өзі әдебиетті қайталау.

Осы жерде мынадай бірнеше сұрақ туындайды. Орысша, Ағылшыншаны судай білетіндеріміз сол тілдердің грамматикасын қаншалық білеміз? Күнделік тұрмыс тіршілігіміздегі тілдесуде сол грамматиканы қаншалық қолданамыз? Қане, қазақ тілінде сарнап жүргендеріміз етістіктің жақтарын, шақтарын, райларын қаншалық білеміз? Сөз зерігері саналатын ақын-жазушының қай-қайсысынан «Ілгерінді ықпал, сабақтас құрмалас сөйлем деген не?»,-деп сұрап көр, қайсысы дұрыс жауап бере алар екен. Мысалы, «Құда келгелі жатыр». Оқушы осыны түсінсе болды, оның келер шақ екенін міндетті түрде білуінің не қажеті бар? «Осы шаруаны тез бітір!»,-деп айтар кезде, қай-қайсымыздың ойымызға етістіктің бұйрық райы алдымен оралмайтыны анық-қой. Грамматиканың ең басты мақсаты  тілді дұрыс сөйлеу (Орфоэпия), дұрыс жазу (Орфография) емес пе! Қай жолмен болса да, осы мақсатқа жетсек болғаны.......

Көршіміз баласын Ағылшын тілі курсына берді. Қасаң идея, көне сүрдекке әбден үйренген қартаң апай үш ай бойы грамматикамен сабалап, баласы әбден жалығып, дым түсінбей шыққан. Кейін бір жас мұғалімге берді. Жаңаша методика. Көп оқытып, көзіне үйір қылып, көкейіне сіңірген. Қазір баласы тәп-тәуір сөйлейді, дұрыс оқи да жаза да алады.

«Қазақ тілін» Әдебиетпен біріктіруді жүзеге асырып, ана тілімізді анағұрлым жақсы оқыту үшін, мына түйіндерге баса мән берген жөн деген ойдамын:

Бірінші, мұғалімдер тіл жанашыры бола білу

Ең әуелі оқытушының ойында отан, көкейінде ұлт болуы тиіс. Оқушы ұстазға қарап ой түзейді, бой түзейді. Мектепте мұғалімдер өздері үлгі болып қазақ тілінде сөйлесулері, әрі оқушылардан қазақ тілінде сөйлесуді талап етулері керек. «Өз басыңдағы боқты көрмей, елдің басындағы шоқты көрсең», оқушыға сөзің де өте қоймас! Орыс тілін қанық білуің ойыңның орамды, басыңның керемет істейтіндігінен дерек бермейді. Сөйлей білу бір басқа, ойлай білу бір басқа! Орысшаға судай маскүнемдер де жүр көшеде.......Қазақтың би, жырау, не бір ғұламалары да өткен ертеде......

Екінші, оқушылардың сөздік қорын молайтуға мән беру

 «Қиындықтан тәсіл көп» деген аталы сөз бар. Әдебиеттің сағат санын арттыру керек. Мектепте ғылымға, әлемнің сырларына, ғалымдардың табысқа жетуіне қатысты кітаптар мен әдеби кітаптарды молайтып, мектеп кітапханасына оқушыларды үнемі кіруге ынталандыру, сыныптан «кітап оқу бұрышын» құрып, оқулық мазмұнына қатысты кітаптарды қою. «Көп кітап оқу марапаты», «қаламгерлермен сырласу», «оқыған кітабын таныстыру» сынды іс-шараларды өнімді жүргізуге болады. Бұлар әрине, директордың ұлтжандылығына саятын мәселелер.

Үшінші, оқушыларды той қууға емес, ой қууға тәрбиелеу

Кей мектептердегі сынып жетекшілерінің «иттің арты трқ ете түссе» болды оқушыларды сынып ішінде құттықтауға ұйымдастыра қоятыны шындық. Кейбіреулері осыны орай етіп ақша жинап, пайда табуды көздейді. Мектеп, баланы далбасалыққа, ойынпоздыққа, сауық-сайран қуғыштыққа тәрбиелейтін орын емес. Сәбилерді жұптастырып танцы ойнататын орын тіпті де емес. Құттықтауға қатысу, танцы ойнау дегендерді балаларға кейін қоғам өзі-ақ үйретеді. Бұдан алаңдаудың қажеті жоқ!

Балаларға жаныңыз ашып, ойнатқыңыз-ақ келсе, сыныпта тақпақ, жаңылтпаш айтқызып, жұмбақ тапқызып, түрлі сөз ойындарын, есеп ойындарын ойнатып, ойын арқылы тілін ұштап, білім бере біліңіз. Ойнай жүріп үйренсін, үйрене жүріп ойнасын.

Төртінші, Дұрыс оқи алатын, жаза алатын бағытқа тәрбиелеу

Бұл, грамматикалық әдет қалыптастырудың тетігі. Тіл тұнықтығы сынды тараптарды да қамтып жатады. Оқушыларға мақала, өлең, эссе жазып келу тапсырмаларын көп беру, оны әрине, мұқият тексеру керек. Мектеп ішінде «оқу», «жазу» ға саятын іс-шараларды үнемілік өткізіп, марапаттап, ана тілде оқуға, жазуға, сөйлеуге шабыттандырып отыру тиіс. ««Үңгүр», «Көмбеді» деп айтқанымен, кітапты көп оқып, көзі үйір болған бала «Үңгір», «Көнбеді» деп жаза алатын болады.

Бесінші, емтихан реформасы

Түрлі емтихан, байқау, ҰБТ-дан грамматикаға саятын сұрақтарды алып тастау керек. 

Ұрпағымыз егер тіл зерттеуші болса, немесе университетте қазақ әдебиеті мамандығын оқыса, сол кезде грамматиканың жілігін шағуға кеңінен уақыт табады. 

Қаусылхан Қасымханұлы

ҚР жазушылар оадағының, ҚР журналистер одағының мүшесі, жоғары санатты аға оқытушы, тете аға аудармашы

댓글
기타 기사