Парламент өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдады

1194
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/a3GKZ7aEbhYUQatIgxC6FclMrE9n9YuoMDfCjFII.jpg

Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің (Жогорку Кенеш) депутаттары жетінші шақырылымды тарату жөніндегі қаулы жобасын мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

Парламенттің баспасөз қызметі хабарлағандай, дауыс беру 25 қыркүйекте өтті.

Отырыста 89 депутаттың 84-і ұсынысты қолдап, қарсы дауыс берген ешкім болған жоқ. Бұл бастаманы 32 депутат ұсынған.

Инициативалық топ мүшесі Ұлан Примовтың айтуынша, президенттік пен парламенттік сайлаулардың арасы тым қысқа болғандықтан, саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін депутаттар өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды жөн көрген. Сондай-ақ ол сайлау заңнамасындағы өзгерістер де шешімге ықпал еткенін айтты.

Парламент спикері Нұрланбек Тұрғұнбек депутаттардың ықпалы жаңа шақырылым жасақталғанға дейін сақталатынын еске салды.

Қырғызстан заңнамасына сәйкес, ел президенті Садыр Жапаров парламент өзін-өзі таратқаннан кейін бес күн ішінде кезектен тыс сайлау күнін жариялауы тиіс. Әдетте сайлау күні 90 күн бұрын белгілі болады, алайда кезектен тыс жағдайда бұл мерзім үштен бірге қысқарады. Мәселен, егер тиісті жарлыққа 26 қыркүйекте қол қойылса, сайлау 26 қарашаға белгіленуі мүмкін.

Айта кетейік, биыл маусымда Садыр Жапаров жаңа сайлау жүйесін бекіткен еді.

댓글
기타 기사