«Декретке миллионмен». Мемлекетке шығын келтірген есепшілер сотталды

1617
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LlzuDcf7sXj5I4yfCUVUmObj1V4Nakj4HAagVynl.jpg

Ақтөбе облысында екі есепші  ондаған жүкті әйелді жалған кәсіпкер ретінде тіркеп, мемлекеттен миллиондаған әлеуметтік төлем алып берген, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

2023–2024 жылдары айыпталушылар ондаған әйелді декретке шығарар алдында бірден бірнеше жеке кәсіпкерлікке рәсімдеген. Осылайша, әлеуметтік аударымдар жасалып, әрбір «клиентке» 3,9–4 млн теңге көлемінде жүктілік және босануға байланысты жәрдемақы, сондай-ақ ай сайын 170–200 мың теңге көлемінде төлем тағайындалған.

Тергеу мәліметінше, бір әйел тіпті 19 түрлі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Жалған құжаттар мен кассалық ордерлерді рәсімдеу арқылы олар ақша аударымдарын заңды етіп көрсеткен. Алынған қаржыдан бухгалтерлер 500 мың теңгеден астам «қызмет ақысын» алып отырған.

Жалпы шығын көлемі – 98 млн теңге. Оның 25 млн теңгесі сотқа дейін қайтарылды, қалған сома әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан азаматтық сотта өндірілмек.

Сот үкімімен есепшілер 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар олардың мүлкі тәркіленіп, 5 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Алайда кәмелетке толмаған балаларының жағдайына байланысты үкімнің орындалуы 5 жылға шегерілді.

댓글
기타 기사