Ақ халатты абзал жан – Әлия Тқатова жайлы сыр

2108
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Z5UEWd71N9xk5rMxzy83qBk0oy55IDMUhhJPkwYy.jpg

Ақ халатын адалдықпен киіп, адам өміріне араша түсу жолында қажырлы еңбек етіп жүрген жандар – қоғамның шынайы қаһармандары. Солардың бірі – Сырым аудандық ауруханасының фтизиатр дәрігері Әлия Энгельсқызы Тқатова. Өз ісіне деген зор жауапкершілік пен жан-жақты біліктілікті үйлестіре білген ол көп жылдар бойы халық денсаулығы үшін аянбай қызмет етуде.

Бүгінде отбасында қос қызғалдақты өсіріп отырған аяулы ана, ақ халатты абзал жан өз мамандығына адал, ардақты жан.
​Ата-анасы қазақтың батыр қызы Әлиядай елін сүйген, ержүрек әрі қайсар болсын деп қыздарына Әлия деп ат қойыпты. Бұл қасиетті есім оның бойында туған жерге деген адалдық пен үлкен жауапкершілікті оятып, медицина саласында нағыз батырларша қызмет етуге ынта-жігер берді. Әлия Энгельсқызы қиын-қыстау сәттерде жанын аямастан, адам өмірін сақтауға барын салып, адал еңбек етуде.



​Айта кету керек, кейіпкеріміздің ата-анасы да балалар дәрігері болған. Олар жоғары санатты, өз ісіне шебер мамандар ретінде танылған. Әлияның отбасындағы бұл дәстүр мен өнеге оның мамандыққа деген сүйіспеншілігін одан әрі арттырған.

Бала арманнан басталған жол

Әлия Тқатова 1976 жылы 30 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Медицина саласына бала кезінен ерекше қызығушылық танытқан ол, бұл арманын айқын мақсатқа айналдырып, сол бағытта табандылықпен еңбек етті. Алғашқы кәсіби білімін 1994-1996 жылдары Батыс Қазақстан медициналық училищесінде алып, өз жолын Шыңғырлау аудандық ауруханасының балалар бөлімінде мейірбике болып бастады. Бұл кезең оның медицина саласындағы алғашқы қадамы ғана емес, адам өміріне деген жанашырлық пен жауапкершіліктің қалыптасуына негіз болды. Осы тәжірибе арқылы Әлия өз мамандығын терең түсініп, әрі қарай жоғары білім алу қажеттігін түсінді. Сондықтан 1997 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2003 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша дәрігер мамандығын иеленді. Одан кейінгі жылдары интернатурадан өтіп, жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде кәсіби тәжірибесін арттырды.

​Медицина саласында жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан Әлия Энгельсқызы бүгінде Сырым аудандық ауруханасының көрнекті фтизиатры әрі сәулелі диагностика саласының маманы. 2011 жылы бөлім меңгерушісі болып тағайындалып, 2016 жылдан бері осы салада өз міндетін абыроймен атқарып келеді. 2022 жылдан бастап рентгенолог маман ретінде де қызметін жалғастыруда.

​Әлияның өз сөзіне қарағанда, жоғары білім оған кәсіби дамудың кең мүмкіндіктерін ашыпты. – «Медицина академиясында алған білімім мен тәжірибем маған қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдауға, науқастарға сапалы көмек көрсетуге көмектесті. Бұл оқу мені дәрігер ретінде ғана емес, адам ретінде де шыңдады. Жоғары білімнің арқасында жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді игеріп, кәсіби шеберлігімді арттыра алдым. Сонымен қатар, академиядағы білім мен тәлім мені жауапкершілігі мол мамандыққа деген құрмет пен адамгершілік қасиеттерді нығайтуға жетеледі. Бұл қасиеттер күнделікті жұмыста науқастарға жанашырлықпен қарап, қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді», – дейді Әлия Энгельсқызы.

Психологиялық қолдау — емнің маңызды бөлігі

Қазіргі таңда Әлия Тқатова тек дәрігер ғана емес, сонымен қатар психология саласына да ден қойып, науқастардың тек физикалық емес, психологиялық жай-күйін де ескеруге үлкен мән береді. Ол емнің сапасын арттырумен қатар, адамдардың қиын жағдайлардан шығуына, өмірге деген сенімін қалпына келтіруіне де септігін тигізіп жүр. Оның бұл жан-жақты көмегі пациенттерге рухани қолдау болып, қалпына келу процесін жеңілдетеді. Осылайша, алған жоғары білімі мен терең адамгершілігінің арқасында Әлия Тқатова медицина саласында сенімді әрі кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ науқастарға жан-жақты көмек көрсететін қамқор психолог ретінде де танылды.

Тағдырына мойымаған батыр ана

Әлия Энгельсқызының өміріндегі ең ауыр жыл – 2021 жыл болды. Өмірдің ащы шындығына тап болған ол, ауыр дертке шалдыққан күйеуін мәңгілік сапарға шығарып салды. Сол күннен бастап, екі қарлығашына – қыздарына тірек болып, бар мейірімі мен күш-жігерін оларға арнады. Биыл үлкен қызы Астанадағы іргелі жоғары оқу орнында «Педагогика» мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атанып, анасы үшін үлкен мақтанышқа айналды. Ал он бес жасар кіші қызы Сырым ауданындағы мектепте 10-сыныпта білім алып, жарқын болашаққа талпынуда.


Әлияның тағдыры – адал еңбек пен мейірімнің, шыдамдылық пен төзімділіктің жарқын үлгісі. Отбасының тірегі болып, қиындықтарға қарамастан өмірдің жаңа белестерін бағындырып келеді. Оның батылдығы мен жауапкершілігі – нағыз әйелдік ұлағат пен шынайы махаббаттың көрінісі іспетті. Жуырда ғана Орал қаласынан екі бөлмелі пәтер алып, қуанышы еселенді. Қазіргі таңда ол облыс орталығындағы емдеу мекемелерінде еңбек етуге ниеттеніп жүр. Алайда, ауылдағы ағайынның ақ батасына бөленген ақ желкенді жан бұл – тек алға қойған жоспарларының бір бөлігі ғана екенін жасырмайды.

Үздік білім мен кәсіби даму жолы

Дәрігер Әлия үнемі өз білімін жетілдіріп, 2012 жылы фтизиатрия мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті. 2019 жылы сәулелі диагностика (рентгенология) саласында қосымша білім алып, біліктілігін одан әрі арттырды.

«Білім – үздіксіз процесс, медицина саласы қарқынды дамып жатқандықтан, мен әрқашан өзімнің кәсіби деңгейімді көтеруге тырысамын», – дейді Әлия.
Пандемия кезіндегі қайсарлық
​2019 жылы бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індеті кезінде Әлия Энгельсқызы Сырым ауданындағы провизорлық орталықта күні-түн демей еңбек етті. Қиын-қыстау кезеңде ол ең қауіпті орталықтардың бірінде науқастарға көмек көрсетіп, аурумен күресте алдыңғы шепте болды. Оның кәсібилігі мен жанашырлығы жерлестері арасында үлкен құрметке ие болып, Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хатымен марапатталды. Сан қырлы маман және ұжымды біріктіретін көшбасшы ретінде танылуда. 2019 жылы пациенттерге көмек көрсету және ішкі бақылау бөлімінде, ал 2021 жылы мейірбікелік күтім бөлімінде меңгеруші қызметтерін абыроймен атқарды. Оның жылы шырайлы қарым-қатынасы, адамгершілігі мен қарапайымдылығы әріптестері мен науқастар арасында сенім мен құрметке ие, – дейді Сырым аудандық аурухана директоры Сабыр Ғабделхалықұлы.

– Әлия Энгельсқызы – біздің ұжымымыздың шынайы жүрегі. Ол тек білікті маман ғана емес, сонымен бірге адамгершілігі мол, әріптестері мен науқастарға деген жылы ықыласымен ерекшеленеді. Оның кәсіби білімі мен терең тәжірибесі қиын сәттерде ерекше көрініс табады. Пандемия кезінде ең күрделі жағдайларда да, ол ешқашан жалқаулық танытпастан, үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарды. Әлияның адалдығы мен табандылығы – біздің аурухана үшін баға жетпес үлгі, ал оның жанашырлығы мен мейірімділігі ұжым ішінде ынтымақтастық пен өзара құрметтің негізі болып табылады. Мұндай мамандардың арқасында ғана халық денсаулығын қорғау ісі табысты жүреді және біз қоғам алдындағы міндетімізді лайықты атқарамыз. Әлия Энгельсқызының кәсіби жетістіктері мен адами қасиеттері жас дәрігерлер үшін зор мотивация әрі үлгі болары сөзсіз», – деп пікір білдірді аудандық аурухана директоры Сабыр Меңдешов.



Адал еңбек – халық алғысы

Әлия Энгельсқызы – адам жанына араша түсуді өмірлік парыз еткен ақ халатты абзал жан. Оның табандылығы, үнемі білімін жетілдіруі, науқастарға деген ерекше мейірімі – бүгінгі медицина саласының үлгісі. Әрбір жылы пікір, берілген марапаттар – оның адал еңбегінің әділ бағасы.Қиын сәттерге мойымай, өз отбасына да ерекше қамқорлық көрсетіп келе жатқан Әлия Энгельсқызы – нағыз қазақ әйелі, қайсар әрі мейірімді ана, жауапты маман. Оның өмірі – шыдамдылық пен жанашырлықтың, кәсібилік пен адалдықтың жарқын үлгісі.

댓글
기타 기사