Енді пойыз жолаушылары артық жүк үшін қосымша ақы төлейді

2601
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gdSH17XRTvyrzBMLfbLpkSwK1bOx4IkiKy3og8lj.webp

Қазақстанда пойыз жолаушылары қол жүгінің артық салмағы үшін қосымша төлем жасайтын болады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақстан темір жолы» бекіткен жаңа ережеге сәйкес, «Тальго» вагондарына кірерде қол жүгінің салмағы 25 келіден, ал үш жақты көлемі (биіктігі, ұзындығы және ені) 150 сантиметрден аспауы тиіс.

Қалған пойыздарда қол жүгінің салмағы 35 келіден, көлемі 200 сантиметрден аспауы керек. Белгіленген мөлшерден асқан жағдайда, әр артық келіге 60 теңгеден ақы алынады. Бұл төлем жолдың ұзақтығына байланысты есептелмек. Қол жүктің салмағын бақылау жолсеріктердің міндетіне жүктелген.

«Егер жолаушы мен жолсерік арасында дау туындаса, қол жүкті таразымен тексеруді пойыз бастығы ұйымдастырады. Артық салмақ расталса, қосымша тариф бойынша төлем жасалады. Осыдан кейін ресми құжат рәсімделіп, жолаушы төлемді соған сәйкес төлейді. Жүк міндетті түрде жолаушы отырған пойызбен жөнелтіледі»,—деп түсіндірді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің PR менеджері Сара Сахынбек.

Мамандар бұл жаңашылдық жолаушыларға вагон ішінде жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін қолға алынғанын атап өтті.

댓글
기타 기사