Журналист Жарылқап Қалыбай бауыр обырына шалдықты. Әріптестері халықтан көмек сұрайды

970
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/joYx2SMtV5DIYd77GRntHiumASPYLH3jcXwI5msL.jpg

Белгілі қаламгер, «Аңыз адам» және «Жұлдыздар отбасы» журналдарының негізін қалаушы әрі бас редакторы Жарылқап Қалыбай ауыр дертке шалдықты. Қоғам қайраткері, журналист Рысбек Сәрсенбай Facebook желісінде қаламгердің жағдайына қатысты жазба жариялап, ел-жұртты көмектесуге үндеді, деп хабарлайды “Адырна».

Жарылқап Қалыбай – бір кездері таралымы жүз мыңнан асқан, қоғамда кең резонанс тудырған танымал журналдардың авторы. Ол саяси тәуелсіз ой мен еркін баспасөзді дамыту жолында күресіп, биліктің қысымына да жиі ұшырады.

Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, қиындықтар 2014 жылы басталған. «Аңыз адам» журналының сол жылғы санында Ресей президенті Владимир Путин мен Адольф Гитлерді салыстыруға байланысты дау туындап, басылымға қудалау басталған.

«Пәле 2014 жылы Путинді Гитлермен салыстырып шығарған журнал санынан басталды. Ұзаққа созылған соттасулар, одан кейін журналды таратпау мақсатындағы экономикалық қысымдар оны қаржылай шығынға батырды. Соған қарамастан, журналдар бес жыл бойы шығып тұрды. Ақыры жабылды, табыс көзі үзілді. Бірақ ол қаламын қолынан тастаған жоқ, әлеуметтік желі арқылы халықты саяси-ағарту жұмыстарымен шұғылданды. Нұрбиліктің әділетсіздіктеріне қарсы тұрды. Әділдік пен шындық үшін күресті», – делінген Рысбек Сәрсенбайдың жазбасында.

Осы кезеңде Қалыбай ауыр күйзеліске түсіп, кейін 2019 жылы коронавируспен де күрескен. Алайда ең ауыр диагноз 2023 жылы белгілі болды. Жарылқап Қалыбайға гепатоцеллюлярлы карцинома – яғни, бауыр обыры диагнозы қойылды.

«Өкінішке қарай, онкологиялық ауруға – бауыр обыры (ГЦК – гепатоцеллюлярлі карцинома) дертіне ұшырағанын білмей қалды. Бір жылдан астам уақыт әртүрлі ем алып көрді. Екі мини-операция жасатты. Нәтиже болымсыз. Қазақстан, Түркия, Индияда емделіп көрді. Есесіне, дәрігерлік шешім анықталды. Жарылқап қанша қашса да құтылмады. Бауыр трансплантациясын жасатпаса болмайды», – деп жазады Р.Сәрсенбай.

Күрделі операцияны Оңтүстік Корея дәрігерлері жасамақ. Бірақ емдеу және оңалту шығындарына 250 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет. Бұл – Жарылқап Қалыбайдың отбасы үшін тым ауыр сома. Осыған дейінгі ем-домға бар жиған-тергені жұмсалған.

«Ол халықтан қаржылай көмек сұрауды ұят санап, ұзақ уақыт қарсы боп жүрген. Бірақ олай етпесек, қауіпті аурудан аман қалу оңайға соқпайын деп тұр», – дейді әріптесі.

Сол себепті әріптестері мен туыстары жұрттан қолдау сұрап, арнайы банк шоттарын жария етті.

Kaspi Bank (теңгемен):

Карта нөмірі: 4400 4302 2576 2233

Алушы: Қалыбай Жарылқап Сейдләұлы

Kaspi телефоны: +7 701 441 02 44

BIC: CASPKZKA

АҚШ долларымен:

IBAN: KZ40722C000024985182

Алушы: Қалыбай Жарылқап Сейдләұлы

 

댓글
기타 기사