Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ресейге Мәскеу облысы Химки қаласында болған оқиғаға байланысты ресми нота жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Онда ресейлік адамның Өзбекстан азаматын қорлағаны айтылып, ер адамның жеке басын анықтап, оған заңға сәйкес шара қолдану сұралған.
Өзбекстан СІМ баспасөз хатшысы Ахрор Бурхановтың айтуынша, өзбек тарапы мұндай жағдайларды БАҚ пен әлеуметтік желілерден қадағалап, қажет болған жағдайда шетелдің құзырлы органдарымен байланыс орнатады.
Тамыз айында үлкен қоғамдық резонанс тудырған осы оқиғаға байланысты тексеру басталған.
Бурханов Өзбекстан азаматтарының мемлекет қорғауында екенін, олардың қай жерде жүргеніне қарамастан құқықтары қорғалатынын атап өтті.
Оқиғаның видеосы 27 тамызда жарияланған. Онда ер адам таксистке айқайлап, оны балағаттап, «орыстардың құлы» деп атағаны көрінеді. Таксист сабыр сақтап, қорлауды тоқтатуды сұрағаннан кейін көлігіне отырып кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал таксидің қоқыс көлігін күтіп, ауланың кіреберісін жауып тұрған кезде туындаған.