Халқымыз атом қаруын сынаудан қатты зардап шекті – Тоқаев

1759
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xErU9TtjqtN7idU0awXwQyy1Si21KfG6qsqFdCCZ.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне қатысты өзінің Х әлеуметтік парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Өз жазбасында президент атомдық қару сынағынан қазақ халқының көрген қасіреті көп екенін айтқан. Тоқаев мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін бейбітшілікті нығайтуға басымдық беру маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өткен.

«Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен бекітті. Халқымыз атом қаруын сынаудан қатты зардап шекті. Мұндай қасірет қайталанбауға тиіс. Біз кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін бейбітшілікті нығайтып, халықаралық әріптестікті дамыта түсуіміз керек. Ядролық қарудан және сынақтардан біржола бас тартуға күш салуымыз қажет. Бейбітшілік пен қауіпсіздік – бүкіл адамзатқа ортақ ең басты құндылықтар», – деп жазған Тоқаев өзінің X парақшасында.

Айта кетейік, Семей полигонына жасалған сынақ 1949 жылдан 1989 жылға дейін 40 жыл жүргізілген. Бұл аралықта Семей топырағында 468 ядролық сынақ өтті.

댓글
기타 기사