«Бастысы – футбол мен жеңіс». «Қайрат» жанкүйерлері Макс Корж концертінің өтуіне қарсы

1073
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kEn3iXwvKMLFleTLgFCAqmNR4hUNdMlkIjD1bGG3.jpg

Алматылық «Қайрат» клубының жанкүйерлерін біріктіретін «Alatau Fans» фанаттар ұйымы Орталық стадионда футболға қатысы жоқ кез келген іс-шараларды өткізуді тоқтату қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Мұндай мәлімдемеге себеп болған – әлеуметтік желілерде Макс Корждың концертінің бас аренадан алынып тасталуы туралы қызу талқылау. Жанкүйерлердің айтуынша, дәл қазіргі уақытта стадионның алдағы маңызды ойындарға толықтай дайын болуы аса маңызды.

«Селтик» командасын тарихи түрде жеңіп, «Қайраттың» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы – тек клуб пен қала үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройы үшін үлкен жетістік. Алда маңызды матчтар күтіп тұр, сондықтан команда халықаралық стандарттарға сай дайындық жағдайында болуы керек», – делінген фанаттардың Instagram парақшасындағы ресми мәлімдемесінде.

Жанкүйерлердің сөзінше, концерттер мен басқа да бұқаралық іс-шаралар стадион газонына зиян келтіреді және ойын сапасын төмендетеді.

«Бүгінгі таңда басымдық – спортқа, жеңістерге және ел имиджіне берілуі тиіс. Концерттерді басқа алаңдарда өткізуге болады, ал қазақстандық футбол үшін мұндай мүмкіндік сирек беріледі», – деп атап өтті фанаттар.

«Қайрат» жанкүйерлері Алматы әкімдігі мен тиісті ведомстволарға ресми түрде жүгініп, Орталық стадионда футболдан тыс іс-шараларды өткізу тәжірибесінен бас тартуды сұрады.

Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі өз алаңындағы ойындарын Алматыда өткізеді. Қарсыластар қатарында испаниялық «Реал Мадрид», бельгиялық «Брюгге», гректің «Олимпиакосы» және Кипрдің «Пафос» командалары бар.

Фанаттардың айтуынша, дәл осындай деңгейдегі ойындар үшін Орталық стадион толық дайын болуы қажет. Өйткені бастысы – футбол және «Қайраттың» жеңісі.

댓글
기타 기사