Дрон құлауына байланысты. Польша Ресейге наразылық нотасын жолдады

1794
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cb9OauERIEFy4wxzfsLSOWPRVAdBdNaP1289ZqWu.jpg

Польша Сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігіне елдің шығысындағы Люблин воеводствосында дрон құлауына байланысты наразылық нотасын жолдады. Бұл туралы 21 тамыз күні өткен брифингте министрлік өкілі Павел Вроньский мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

«Сыртқы істер министрлігінің пікірінше, бұл оқиға Ресей Федерациясына кез келген бейбіт үдерісте немесе халықаралық қауымдастық аясындағы әрекетте сенімді әріптес ретінде сенім артуға болмайтынын көрсетеді. Біз бұл әрекетті әдейі жасалған арандатушылық, гибридті соғыстың бір бөлігі және Польша Республикасына қарсы тағы бір дұшпандық акт ретінде бағалаймыз», деп түсіндірді Варшавадағы министрлік.

Әскери дрон 20 тамызға қараған түні Польша шығысындағы жүгері алқабына құлап, жарылған. 21 тамызда Люблин воеводствосының прокуроры Гжегож Трусевич журналистер алдында сөйлеген сөзінде бұл ұшқышсыз аппараттың, үлкен ықтималдықпен, Беларусь жағынан келгенін мәлімдеді.

Дрон Беларусь шекарасынан 100 км, Украина шекарасынан 120 км қашықтықта орналасқан Осины ауылының маңында құлаған. Оқиға орнынан түсірілген кадрларда жарықтың жарқ еткені мен артынан қатты жарылыстың болғаны көрінеді. Жарылыс толқыны жақын маңдағы үйлердің терезелерін сындырған, зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнынан күйіп кеткен металл және пластик бөлшектер табылған.

댓글
기타 기사