Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы студенттің өліміне қатысты жауап берді, деп хабарлайды "Адырна".
Министрдің сөзінше, тергеу органдары әлі де өз жұмыстарын жүргізіп жатыр және студенттің өліміне отбасылық мәселе түрткі болған.
«Сот шешімдері немесе қорытынды шығарылғанға дейін мен қазір айта алатын жалғыз нәрсе — ол отбасылық мәселеден туған жағдай. Қазір менің ақпаратым бойынша, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша іс қозғалады», – деді Саясат Нұрбек.
Министр университетке де, оқу процесіне де байланысты іс қозғалмайтынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 30 шілде күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті ректорат ғимаратының 14-қабатынан секіріп, көз жұмған болатын.