Тәуелсіз Абай бейнесі. “Ақын ойшылдығына акцент берілді”

2872
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/X43vJID68X61Jib0WXK3W9M1S7jqyy7i75sll9zC.jpg

Бүгін – қазақ даласында ұлы той. Хакім, ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл. Артынан исі қазаққа ғұмырлық рухани азық болар өшпес мұра қалдырған хәкімнің рухына бүгін Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де тағзым етілуде.

Бұл күнге дейін елімізден бөлек алыс-жақын шетелдерде Абайдың ескерткіштері және оның атындағы 30 көше мен даңғыл орнатылды. Ал еліміздің қай аймағын алып қарасаңыз да, Абай атындағы мектептің де, көшелердің де және ескерткіштердің де барына көз жеткізесіз. Тіпті, бірнеше облыста Абай атындағы 30-ға таяу аудан орталықтары, ауылдар да бар екен.

1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанда Абай бейнесін мәңгі есте қалдыру ісі жаңа қарқын алды. Бұған дейінгі кеңестік кезеңде орнатылған ескерткіштермен қатар, жаңа дәуірде салынған туындылар елдің мәдени, тарихи санасын нығайтты. Осыған орай, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда орнатылған Абай ескерткіштеріне шолу жасамақпыз. 

ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШТЕР ШЕРУІ 

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы алғашқы ескерткіштердің бірі – 2002 жылы 27 тамызда Орал қаласында ашылды. Мүсінші Нұрлан Далбай жасаған туынды граниттен қашалған, Абайдың сабырлы, байсалды болмысын бейнелейді.

 

 

Одан кейін 2006 жылы Петропавлда Абай мен Пушкинге арналған бірегей композиция бой көтерді. Символикалық «тіршілік ағашы» арқылы қосылған екі ұлы тұлға халықтар достығын паш етеді. Композициясының биіктігі – 5,2 метр. Авторлары – К. Сатыбалдин, сәулетшілер – С. Баймағамбетов пен В. Затай.

 

Сол жылы Мәскеудегі Қазақстан елшілігі маңында Абайдың 2,6 метрлік қола мүсіні орнатылды. Авторлар – Марат Айнеков, Тимур Сүлейменов, Эдуард Дробицкий, Вячеслав Романенко. Бұл – Абай бейнесі алғаш рет шетел астанасында орын тепкен сәт.

2008 жылы Қарағанды қаласында 9,9 метрлік қола және граниттен жасалған еңселі ескерткіш ашылды. Мүсінші – А.Нартов, сәулетші – Е.Шахиев. Бұл ескерткіш Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды облыстық бөлімінің көркем-өндіріс комбинатында құйылған.

 

 

Ал 2009 жылғы 29 тамызда Өскемендегі Республика алаңында Абайдың 13,2 метрлік монументі ашылды. Авторы – Ескен Сергебаев пен Бақытжан Әбішев. Бұл мүсінді де Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды қаласындағы облыстық бөлімі әзірледі. Ескеркіштің биіктігі – 5 метр 40 см. Басқыштары мен тұғыры – 7 метр 80 см. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 13 метр 20 см. Қола мүсіннің салмағы – 5 тонна.

 

 

Ақынның елордадағы ескерткіші 2010 жылдың 19 маусым күні Есілдің оң жақ жағалауындағы Орталық алаңға таяу орнатылған. 7 метрлік тұғырда бой көтерген Абай мүсінінің биіктігі – 7,5 метр. Жоба авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов. Оның туындысы ескерткіш ашылардан алты ай бұрын мүсін эскиздерінің байқауында жеңіске жеткен еді.

 

 

ТАМИЛАНЫҢ АБАЙЫ

2021 жылы Абай мүсіні Көкшетауға да қойылды. Оның авторы - қырғызстандық мүсінші Тамила Маматова. Автормен сұхбаттасу барысында ол Абай бейнесін жасау тарихын айтып берді.

“Абайдың бұл мүсінін мен 2021 жылы жасадым, ал оның идеясы 2020 жылы ойыма келген еді. Сол жылы Айтыматов туралы жаңалықтарды оқып жүргенімде, көп қазақ Абай туралы да пікір жазып, ескерткіш қою жайында сөз қозғап жатты. Сол сәтте мен де ұлы ақын жайында ойлана бастадым. Мектепте оқыған шығармаларын қайта парақтап, кеңірек зерттедім. Оның ойшылдығы мен тереңдігіне тағы бір мәрте тәнті болдым. Сол себепті ақын ойшылдығына акцент берілді”, дейді Тамила Маматова. 

Мүсінші Абайды әдеттегі кітап ұстаған кейіптен өзгеше – терең ойға шомған сәтінде бейнелеген.

«Материалы – қола. Бұл өте берік, мәңгілік металл, әрі барлық ұсақ детальды дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Жұмыстың лепкасы бір айда аяқталды, тағы бір айда орнына қойылды. Абай бейнесін жасау маған жеңіл әрі ерекше ләззатпен орындалды. Өзім үшін ең қымбат әрі жоғары деңгейдегі туындыларымның бірі деп санаймын”, – дейді ол.

Мүсіншінің айтуынша, 2021 жылы дайын ескерткішті шебер интернетке жариялағаннан кейін, ол Көкшетауға қойылды. Қазір ескерткіш қаладағы бір колледждің алдында тұр. Оның көшірмесі Астанадағы бір ғимаратта орналасқан.

Тамила Маматова 2022 жылы Мұхтар Әуезовтің мүсінін де жасап шыққан. Бұл туынды Ұйғыр ауданындағы музей алдына қойылып, ашылу салтанатында Қазақстан Президентінің Жарлығымен мүсіншіге «ІІ дәрежелі Даңқ» ордені табыс етілген.

 

 

Ал 2023 жылы 21 наурызда Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының алдына Абайдың мүсіні қойылды. Ескерткіштің идеясын ұсынған авторлардың бірі –белгілі сәулетші марқұм Ақмырза Рүстембеков. Жалпы ескерткіштің тұғыры гранит пен мрамордан дайындалған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры 5,3 м, мүсіні – 3,6 м. Ескерткіштің сәулетшісі – Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, ұзақ жыл Сәулетшілер одағын басқарған сәулетші Ақмырза Рүстембеков. Мүсіншісі – Мейірлан Әзмағанбетов.

 

Абай ескерткіштері – тек өнер туындысы ғана емес, ұлт рухының көрінісі. Олар туған елінде де, шетелде де қазақтың ұлы перзентін танытып, ойшылдың сөзін ұрпақ санасына сіңіреді. Әрбір ескерткіш – Абайдың мәңгілік ойлары мен асқақ рухын тасқа қашаған аманат. Дегенмен, этнодизайнер, қолөнер шебері, суретші Алмас Серікұлы  Абай бейнесін мүсіндеуде бірізділік пен дәлдікке баса мән беру керегін айтады.

«АБАЙ ӘР ЖЫЛДАРЫ ӘР ТҮРЛІ КЕЙІПТЕ СОМДАЛУДА »

“Қазір Абайды дәріптеу толастаған жоқ, қайта күннен-күнге ел арасында оның суреті мен мүсіні көптеп жасалуда. Бірақ осы тұста ескеретін маңызды жайт бар – ол Абай бейнесін суретші қиялымен өзгертіп, шынайылығын жоғалту қаупі. Абай – фотосуреті сақталған тұлға. Шәкәрім де сондай. Егер шексіз құрметпен шығарма арнағың келсе, оның шынайы бейнесін бұзбау керек. Өкінішке қарай, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде қойылған Абай мүсіндерінің бейнелері бір-біріне мүлде ұқсамай, кереғар образдар өріп жүр. Бір жерде быртиып тұрған, бір жерде сақалы беліне жететін, көзі бақырайған өзге ұлт өкіліне ұқсас бейне жасалған. Енді бірінде татуаж қосып қойған. Кей мүсіндерде тіпті Абай емес, Ленинге ұқсап кетеді. Тағы бірінде бойы тым қысқа, енді бірінде тым ұзын болып кеткен. Мұны жасап жүргендер – кәсіби білімі бар, жоғары санатты мүсіншілер», – дейді ол.

Шебердің айтуынша, Пушкин бейнесі ғасырлар бойы өзгермей келе жатса, Абай бейнесі түрлі образға түсіп кеткен.

«Пушкинді екі бетіндегі бір шөкім сақалы мен ерекше көзінен бірден танисың. Ал Абай әр жылдары әр түрлі кейіпте сомдалуда. Абай әрқашан өзінің балаларымен түскен фотодағы бейнесімен дәл ұқсас болуы керек. Бұл – ел жадында қалған бейне. Басқа да суреттері бар, бірақ оған артық фантазия қосып, макияж жасаудың қажеті жоқ. Осы бетімізбен кетсек, бір күні мұртын да ұстарасыз қырып тастайтындаймыз. Сақалы бар атаның бәрі Абай болмайды. Мүсіндегі Абайдың ең үздік монументалды нұсқасы – Хәкімжан Наурызбайдың Алматыдағы мүсіні. Ал портреттік жанрда – Әділет Жұмабайдың бюсті. Абай – фотоға түскен адам. Ойдан шығаруды қойыңдар. Абайды жұлмаламаңдар. Ар ойласаңдаршы. Фантазия керек болса, басқа образға қолданыңдар», – дейді Алмас Серікұлы.

 

 

 

댓글
기타 기사