Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Тәжікстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Монцамэ» агенттігіне сілтеме жасап.
Сапар аясында екі ел президенті жеке кездесіп, ресми келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ екіжақты қатынастар мен өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.
«Мемлекет басшылары Моңғолия мен Тәжікстан Республикасының достық қатынастарын және көпжақты ынтымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдеме жасады», - делінген хабарламада.

Сапар аясында ауыл шаруашылығы, автомобиль көлігі, энергетика және туризм салаларында өзара қатынастар мен ынтымақтастықты кеңейту және дамытуға қатысты 11 құжатқа қол қойылды.
Айта кетейік, бұл Моңғолия президентінің Тәжікстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары болды. Ол бұдан алдын Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барып, соңынан сапарын Тәжікстанда жалғастырған болатын.