Байқоңырдағы өркениет ошағы. "Гагарин стартын" Ресей Қазақстанға тапсырды

1908
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ExYGC74HkMsTHHYqJfPlJc5IksiBfwNq7YknEnhJ.png

Байқоңыр ғарыш айлағындағы аңызға айналған №1 ұшыру кешені "Гагарин старты" ресми түрде Қазақстанға өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, Байқоңырдағы ең алғашқы және ең маңызды кешендердің бірі - "Гагарин старты" алаңы. 1957 жылы дәл осы жерден Жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылса, 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин мінген "Восток" кемесі ғарышқа осы алаңнан аттанған болатын. 

Мемлекет ендігі уақытта бұл тарихи орынға музей ашу мәселесін қарастырып жатыр. Бұған дейін Ресей тарапы - "Роскосмос" агенттігі де мұнда ғарыш техникасы қойылатын музей ашуды жоспарлағанын айтқан еді. Сонымен қатар, кешенді ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу туралы бастама көтерілген. Қазақстан бұл ұсынысты қолдап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Ресей Федерациясы Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласын Қазақстаннан жалға алып отыр. 1994 жылғы жалға беру келісімі 2050 жылға дейін ұзартылған. Қазақстан тарапы бұл келісімді қайта қарау қажет деп есептемейді. Осы уақыт аралығында ғарыш айлағынан 1500-ден астам ғарыш кемелері ұшырылып, 150-ге жуық ғарышкер ғарышқа сапар шекті.

Биыл әлемдегі ең алғашқы ғарыш айлағы – «Байқоңырдың» құрылғанына 70 жыл толды. Ғарыш айлағының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырымды құрайды және ол әлемдегі ең үлкен ғарыш алаңы болып табылады. Байқоңыр ғарыш айлағы 1955 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында құрылды. Айлақтың инфрақұрылымы 9 ұшу кешенін, ғарыш аппараттары мен зымыран тасығыштарды құрастыруға арналған 11 ғимаратты, сондай-ақ ғарыштық техниканы отынмен және сығылған газбен қамтамасыз ететін 3 стансаны қамтиды.

1957 жылдың 4 қазанында дәл осы Байқоңырдан әлемдегі алғашқы жасанды Жер серігі – «Спутник-1» сәтті орбитаға шығарылды. Ал 1961 жылдың 12 сәуірінде әйгілі космонавт Юрий Гагарин «Восток» кемесімен алғаш рет адамзат тарихында ғарышқа ұшты. Осы тарихи оқиғалардан бастап Байқоңыр ғарыш кеңістігін игерудің көптеген ірі жобаларының бастау алған орнына айналды. Мұнда Күннің, Айдың және басқа да планеталардың алғашқы жасанды серіктері, сондай-ақ «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері және «Салют», «Мир» орбиталық станциялары ұшырылды.

Алғашқы құрылысшылар Төретам станциясына 1955 жылдың қаңтарында келген. Бірақ тек қыркүйекте бірінші стартқа арналған шұңқыр қазу жұмыстары басталған.

Халық тығыздығы аз, қауіпсіздік талаптарына сай келгендіктен осы аймақ таңдап алынған. Небәрі бір жыл ішінде алғашқы нысандар салынып, пайдалануға берілген.

Байқоңыр ғарыш айлағында Гагарин атындағы старт алаңын салу кезінде күтпеген археологиялық олжа табылған. Қазу жұмыстары барысында құрылысшылар 35 метр тереңдікте ежелгі ошақтың іздерін және тұз байланған ағаш отын қалдықтарын анықтап, археологтарды шақырған. Алайда белгісіз себептермен олар келе алмаған. Осыған байланысты табылған ошақ пен отын қалдықтары арнайы жәшікке салынып, зерттеу үшін елордаға жіберілген.

Үш айға созылған зерттеу нәтижесінде табылған заттың жасы 10-30 мың жылдық аралығын қамтитыны анықталған. 

댓글
기타 기사