Трамптың кадр саясатын басқаратын Серджио Гордың Ташкентте туылғаны айтылды

1513
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/H7zjBSHnrAyw6zDAKrgDwb1wcQaVrEdfMc5qlE27.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі президенттің кадр саясаты жөніндегі басқармасының директоры етіп тағайындаған Серджио Гор Өзбек КСР-інде дүниеге келген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Times of Malta және OCCRP сайттарына сілтеме жасап.

«Серджио Гор Ақ үйдегі кадрлық тағайындаулар басқармасының директоры болып тағайындалғанда, бір ақпарат құралы оны “сіз ешқашан естімеген ең ықпалды адам” деп сипаттаған еді. Соңғы жылдары Гордың есімі жиі атала бастады, себебі ол Трамп әкімшілігіне мыңдаған шенеунікті тағайындау процесін басқаруды жалғастырды. Алайда оның өмірбаянына қатысты көптеген дерек жария болғанымен, туған жері жайлы ақпарат сол күйі белгісіз қалған еді», – деп жазады OCCRP өз материалында.

New York Post басылымына берген сұхбатында Гор туған елін атаудан бас тартқанымен, «бұл Ресей емес» деп қысқа қайырған. Алайда Times of Malta мен OCCRP Мальтадағы жылжымайтын мүлікке қатысты нотариалдық құжаттар арқылы оның туған жерін анықтады. Құжаттарға сәйкес, Гор кем дегенде балалық шағының 5 жылын Мальтада өткізген және ол 1986 жылы 30 қарашада Ташкентте дүниеге келген. Ол кезде оның толық аты-жөні — Сергей Гороховский болған. Бұл ақпаратты Гордың адвокаты Роберт Гарсон да растады.

Гор 2021 жылы анасынан Мальтадағы мүлікті 268 мың долларға сатып алған. Нотариалдық актіде оның туған жері қазіргі Өзбекстан астанасы деп көрсетілген. Адвокатының айтуынша, ол Мальтаға бала күніндегі естеліктері мен осы жерге деген сүйіспеншілігі үшін оралған.

Балалық шағында Гордың отбасы АҚШ-қа көшіп, кейін ол америкалық азаматтық алған. Саяси мансабын бастап, Республикалық партия өкілі сенатор Рэнд Полдың кеңсесінде жұмыс істеді. 2020 жылы Трамптың қайта сайлану науқанындағы қаржылық комитеттің аппарат жетекшісі қызметін атқарған. Сол жылы Трамп сайлауда жеңіліп қалған еді. Сонымен қатар Гор Дональд Трамптың ұлымен бірге консервативтік бағыттағы Winning Team Publishing баспасын құрған.

Гор бірнеше рет Мәскеуге де барған. 2018 жылы Вашингтондағы либертариандық талдау орталығы қаржыландырған сапарында АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты талқылауға арналған танысу миссиясына қатысқан. Ал 2017 жылы Ресейдің мемлекеттік «Аэрофлот» әуе компаниясымен Мәскеуге барып, келесі күні Римге ұшып кеткен.

댓글
기타 기사