Әзербайжандағы «Россия сегодня» («Sputnik Әзербайжан») ақпарат агенттігінің Баку филиалында Ішкі істер министрлігі жүргізген арнайы операция нәтижесінде 7 адам ұсталды. Бұл туралы АРА және Day.Az агенттіктері жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
Әзербайжан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша – алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру бойынша іс қозғалды. Ұсталғандардың ішінде екі адам қамауға алынып, тағы бесеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Day.Az таратқан ақпаратқа сәйкес, ресейлік тележүргізуші әрі медиаменеджер Маргарита Симоньян Бакудегі филиал арқылы ақшаны заңсыз жымқырып, жылыстатқан деген күдікке ілінді. Сонымен қатар, ұсталған жеті адамның екеуі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкерлері екені анықталды.
30 маусымда Әзербайжан ІІМ ресейлік ақпарат агенттігінің Бакудегі бөлімшесінде жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Бұл шешім агенттік қызметінің заңсыз қаржыландырылуы туралы жедел мәліметтерге негізделген. Операция барысында «Sputnik Әзербайжан» агенттігінің директоры Игорь Картавых пен бас редактор Евгений Белоусов қамауға алынды.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, Ресей Бакумен тікелей байланыс барысында ұсталған агенттік қызметкерлерін босатуға үміттенетінін айтты.
«Біз алдағы уақытта Әзербайжан тарапымен тікелей байланыс аясында оларды босатуға қол жеткіземіз деп үміттенеміз», – деді Песков РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.
Қазіргі таңда «Sputnik Әзербайжан» ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл жағдай Ресей мен Әзербайжан арасындағы медиа және саяси қатынастарға ықпал етуі мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін 27 маусым күні Ресейдің ФСБ қызметкерлері Екатеринбург қаласында Сафаровтар отбасы тұратын бірнеше мекенжайда жасаған арнайы операциядан Әзербайжан азаматтары қаза тапқанын хабарладық. Бұл оқиға Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеліністі өршіте түсті.