Маусым айының үшінші жексенбісі - Әкелер күні, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл ерекше күн 2023 жылы "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңға ресми түрде енгізіліп, ұлттық мерекелер тізіміне қосылған болатын.
Әкелер күні – отбасының тірегі саналатын әкелердің қоғамдағы, жанұядағы рөлін айшықтап, олардың еңбегін бағалауға арналған маңызды күн. Осыған орай, мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, әкелерге жүрекжарды тілегін арнады.
«Әке – отбасының арқа сүйер тірегі, бала үшін өмірлік бағыт беретін тұлға. Осы ерекше күні барша әкелерімізге қамқорлығы мен қолдауы, махаббаты мен мейірімі үшін шын жүректен алғыс айтқымыз келеді. Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат тілейміз. Еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, қуаныш әкелсін. Жанұяларыңызда шаттық пен махаббат, береке мен бірлік орнасын! Баларыңыздың қызық-қуанышына кенеліп, мерейлеріңіз арта берсін. Мерекелеріңіз құтты болсын!», – делінген министрлік жолдаған құттықтауда.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Қазақстанда Аналар күні мен Әкелер күні алғаш рет ресми түрде бекітілді. Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде, ал Әкелер күні маусымның үшінші жексенбісінде тойланады.