Бішкектегі кептеліс. Қырғыз депутаты астананы көшіруді ұсынды

132
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/T3LQPtJneOjdTh17IUQxYv4QGktEzyCjhOtPCFAd.jpg

18 қарашада Қырғызстан парламентінің депутаты Нұрбек Сыдығалиев ел астанасын Бішкектен Ош қаласына көшіру туралы ұсыныс айтты. Оның сөзінше, бұған қазіргі астанадағы көлік кептелісі себеп болып отыр. Бұл туралы Kaktus.media жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сыдығалиев Ош қаласына барған сапарында көпірлер мен жолайрықтардың салынып жатқанын көргенін айтты. Сондай-ақ ол Бішкек мэриясына осы тәжірибені үлгі етіп, көлік қозғалысы көп қиылыстарда осындай жолайрықтар салуды ұсынды.

Қырғызстанның құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Нұрдан Орынтаев Ош қаласында эстакадалық көпірлердің толық құжаттар топтамасынсыз салына бастағанын мәлімдеді. Қазір, оның айтуынша, қажетті құжаттар ретке келтіріліп, құрылыс шығындары есептеліп жатыр. Ал Бішкек қаласының мэрі Айбек Жүнішәлиев астанада да осындай нысандардың құрылысы жүріп жатқанын атап өтті.

«Ол жақта жолдар мен көпірлерді қандай жақсы салған! Бізге де осындай жобаларды жүзеге асыру қажет. Әйтпесе, көлік кептелісі мәселесін шеше алмаймыз. Күн сайын жағдай қиындап барады. Бұл мәселені осындай жолмен шешу керек немесе астананы көшіру қажет», – деді Сыдығалиев.

Бұған жауап ретінде Айбек Жүнішәлиев астана көшірілген жағдайда Бішкек тұрғындарының да жаңа астанаға қоныс аударатынын айтты. Ал депутат халықтың бір бөлігі қазіргі астанада қала беретінін жеткізді. Сонымен қатар ол көлік мәселесіне қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлер салуға рұқсат берген сәулетшілерді кінәлады. Оның пікірінше, құрылыс жұмыстарын Бішкек қаласының шет аймақтарында дамыту қажет еді.

Айта кетейік, өткен жылдың қаңтар айында Қырғызстан парламентінің тағы бір депутаты Бақытбек Марипов та ел астанасын Бішкектен басқа қалаға көшіруді ұсынған болатын. Оның пікірінше, бұл бастама арқылы түтін мен көлік кептелісі мәселесін шешуге болады.

Былтыр күзде Қырғызстанда астананы Манас қаласына көшіру мүмкіндігі де айтылған еді. Мұндай ұсынысты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы, Министрлер кабинетінің бұрынғы төраға орынбасары Қамшыбек Тәшиев көтерген болатын.

Комментарии
Другие материалы