Nvidia директорлар кеңесі компанияның бас директоры Дженсен Хуангты қызметінен шеттетуді қарастырып жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Шешімге оның некеден тыс екі қарым-қатынасы себеп болған. Оның бірі компания қызметкерімен, екіншісі тыңшылық жасады деген күдікке ілінген Қытай азаматшасымен байланысты болып отыр.
8 қарашада Дженсен Хуанг қызметкерлерге жолдаған хатында әйеліне адал болмағанын мойындаған. Бұған дейін Nvidia бас директорының некеден тыс екі қарым-қатынасы болғаны туралы ақпарат тараған.
Алғашқы қарым-қатынасы Сингапурдағы Megaspeed деректермен жұмыс істейтін компанияның басшысы Элис Хуангпен байланысты болған. Бұл компания Nvidia-ның ірі клиенттерінің бірі саналады. АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Megaspeed Қытайдың арнайы қызметтерінің мүддесі үшін жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, Nvidia бас директорының компанияның денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллмен де қарым-қатынасы болғаны айтылды.
Дженсен Хуангтың қызметінен кетуі компания тарихындағы тұтас бір дәуірдің аяқталуын білдіруі мүмкін. Себебі дәл оның басшылығы кезінде Nvidia жасанды интеллект саласындағы жаһандық серпілістің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Ал Хуангтың өзі әлемдік геосаясаттағы ықпалды тұлғалардың біріне айналды. Осылайша, әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі басшысыз қалуы мүмкін.
Әзірге Дженсен Хуангтың орнына кім тағайындалатыны белгісіз. WSJ материалы жарияланғаннан кейін Nasdaq қор биржасында Nvidia акцияларының құны 8,6 пайызға төмендеген.
23 қазанда Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Nvidia басшысы Дженсен Хуангты қабылдаған болатын. Кездесу барысында компания жетекшісі Қазақстанды Physical AI, яғни роботтарды, автономды көліктерді және өндірістік процестерді басқаратын физикалық жасанды интеллект саласындағы әлемдік хабқа айналдыруды ұсынған.
Президент кәсіпкерге елдегі ЖИ экожүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған.
