19 жастағы жастардың да тізесі тоза бастаған: Ортопед маман қазақстандықтарға ескерту жасады

289
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ns7d1pg4qqsgL96lDJZw6uxnT1FmVPC9QvnFUnqV.png

Бұрын көбіне егде жастағы адамдарды мазалайтын тізе ауруы енді жастар арасында да кездеседі. Неліктен? Мамандар не дейді? Тізе саулығын сақтау үшін нені білу маңызды? «Хабар» телеарнасының «7 күн» бағдарламасында Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Қайрат Ашимов бұл мәселенің елімізде өршіп тұрғанын және дерттің айтарлықтай жасарып бара жатқаны айтып, кеңес берді. 

 Қазақстанда соңғы үш жылда тізе буынын ауыстыру бойынша 41 мыңнан астам операция жасалған. Ал бүгінде эндопротездеуге мұқтаж 130 мыңға жуық адам кезекте тұр. Мамандардың айтуынша, буынның тозуы тек егде жастағыларға тән емес, жастар арасында да жиілеп келеді. Бұған артық салмақ, қозғалыстың аздығы және буынға шамадан тыс күш түсуі себеп болуы мүмкін.  

Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, кейінгі үш жылда елімізде тізе буынын ауыстыруға қатысты 41 232 операция жасалған. Ал соңғы бес жылда эндопротездеу көлемі шамамен 50%-ға артқан.

Травматолог-ортопедтердің айтуынша, тізе буыны ауруларына әйелдер жиі шалдығады. Ортопедия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Ашимовтың сөзінше, институтта эндопротездеуге маманданған үш бөлімше ай сайын 600-ден астам операция жасайды. Науқастардың басым бөлігі – әйелдер.

«Біздің тәжірибемізде 10 әйелге бір ер адамнан келеді. Әйелдер белсенді, көп қозғалады. Соған қарамастан, артрозға жиі шалдығатынын байқаймыз», – дейді Қайрат Ашимов.

Тізе буынының тозуы науқастардың күнделікті өміріне айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, Нұрғайша Рақымжанқызы екінші тізе буынын ауыстыру операциясына мұқтаж. Оның айтуынша, бұған дейін бірнеше рет ем қабылдап, буын ішіне дәрілік инъекциялар салдырғанымен, нәтиже болмаған.

«Аяғымдағы сүйектің басы желінгенін айтты. Буын ішіндегі сұйықтық азайған. Бірнеше рет укол салдырдым, көп қаражат жұмсадым. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Дәрігерлер операциясыз болмайтынын айтты», – дейді науқас.

Мамандардың түсіндіруінше, буын шеміршегі қатты зақымданып, аяқтың қозғалысы шектелген жағдайда эндопротездеу операциясы ұсынылады. Ота кезінде сүйектің зақымданған бөлігі алынып, орнына жасанды буын орнатылады. Протез арнайы сүйек цементі арқылы бекітіледі.

Алайда операциядан кейінгі асқынулардың, әсіресе инфекцияның алдын алу маңызды. Бұл мәселе Астанада өткен халықаралық конференцияда да талқыланды. Жиынға қатысқан профессор Джавад Парвизи Қазақстанда эндопротездеу операциялары жоғары деңгейде жүргізілетінін атап өтті.

«Әлемде буын алмастыру операцияларының саны артып келеді. Қазақстанда бұл операциялардың жоғары деңгейде жасалатынын көрдім. Ендігі маңызды міндет – операциядан кейінгі асқынулардың, әсіресе жасанды буынның инфекциялық зақымдануының алдын алу», – деді профессор.

Дәрігерлер тізе буынының тозуы тек егде жастағы адамдарға тән емес екенін ескертеді. Қазір буын шеміршегінің зақымдануы 40 жастағы адамдарда, тіпті 19 жастағы жастарда да кездеседі.

Мамандар мұндай жағдайға энергетикалық сусындарды жиі қолдану, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, қимыл-қозғалыстың аздығы, шамадан тыс физикалық жүктеме және жарақаттар әсер етуі мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар кейбір инфекциялық және қабыну аурулары да буынның зақымдануына себеп болады.

Дегенмен тізе ауруына шалдыққан әрбір адамға операция жасау міндетті емес. Дертті ерте анықтап, тиісті ем қабылдау буынның қызметін сақтауға және кей жағдайда хирургиялық араласуды кейінге қалдыруға мүмкіндік береді.

Дәрігерлер буын саулығын сақтау үшін дене салмағын бақылап, тұрақты қозғалысты әдетке айналдыруға кеңес береді. Әсіресе бұлшықеттерді нығайтатын, буынға шамадан тыс күш түсірмейтін жаттығулар пайдалы.

Қазақстанда медициналық көрсетілімдер болған жағдайда эндопротездеу операциялары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізіледі. Дегенмен жасанды буынның да қызмет ету мерзімі шектеулі. Сондықтан мамандар тізе ауруының алғашқы белгілері байқалғанда дәрігерге қаралып, емді уақытылы бастаудың маңызын ескертеді.

Комментарии
Другие материалы