Польшаның Краков қаласындағы орталық алаңда болған атыс салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, тағы онға жуық адам жараланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
Құқық қорғау органдары шабуыл жасады деген күдіктіні ұстады. Полиция мәліметінше, күдікті ұстау кезінде оқ жарақатын алған. Қазір ол ауруханаға жеткізіліп жатыр. Gazeta Wyborcza басылымының хабарлауынша, атыс қаланың Бас базар алаңы арқылы өтіп бара жатқан көліктен жасалған. Куәгерлердің сөзінше, бетперде киген ер адам көліктің ішінен көшедегі адамдарға қарай үздіксіз оқ атқан.
Польша бұқаралық ақпарат құралдары Малопольск воеводствосы полициясының өкіліне сілтеме жасап, күдіктінің әскери үлгідегі киім кигенін және ұзын ұңғылы қарумен қаруланғанын хабарлады. Оның көлігінен өзге де қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылған. Қазір шабуыл жасаған адамның жеке басы анықталып жатыр.
Атыс жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00 шамасында басталған. Оқиға кезінде алаң маңындағы дүкендер мен мейрамханалардың қызметкерлері келушілермен бірге ғимараттардың ішіне тығылып, есіктерін бекіткен.
Бұдан бөлек, кала көлігі кәсіпорнының мәліметінше, орталық алаң маңындағы трамвайға да оқ атылған.
Күдіктіні ұстау кезінде полиция қару қолданған. Алайда ол да оқ жаудырып, нәтижесінде екі полиция қызметкері жараланған.
Оқиға орнына Польша жедел медициналық авиациясының тікұшағы қонған. Қауіпсіздік қызметтері тұрғындарға полиция ресми хабар бергенге дейін үйлерінен шықпауға кеңес берген. Бас базар алаңы қоршауға алынып, оған апаратын көшелер жабылған.
Польша президенті Кароль Навроцкий Краковтағы қайғылы оқиға туралы хабарларға алаңдаушылық білдірді. Ал премьер-министр Дональд Туск полицияның тергеу бастағанын және Ішкі істер министрлігінен жедел ақпарат алып отырғанын айтты.
Польшаның АҚШ-тағы елшісі Том Роуз болған оқиғаны бейбіт тұрғындардың өмірін қиған қатыгез шабуыл деп атады.
