Алматы облысында 90 итті асырап, оларға қамқорлық жасаған Владимир Тепляковтың өліміне байланысты күдікті ер адам қолға түсті. Бұл туралы 4 қарашада Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Ведомствоның хабарлауынша, кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс 7 қазанда тіркелген. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталған. Қазір күдікті қамауда отыр.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, тергеу амалдары жалғасуда.
«Тергеу аясында ұсталған адамның аталған қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Аталған қылмыстық істің тергелу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
