Республика күніне және Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Жетісу облысының әр түкпіріндегі 43 ту тұғырында Мемлекеттік Ту көтерілді. Іс-шаралар қазақстандық патриотизмді, жалпыұлттық бірлікті және азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған.
Талдықорған қаласында «Қыран елім – Қазақстан» атты Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі «Жастар» саябағындағы орталық ту тұғырының жанында өтті. Іс-шараға облыс және қала басшылығы, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Жалпы, салтанатты шараға мыңға жуық адам жиналды.
Қала тұрғындары жерлестерін Республика күнімен құттықтады:
– 25 қазанда бүкіл еліміз болып Республика күнін атап өтеміз. Бүгін отбасымызбен бірге Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсіміне қатыстық. Бұл жүрекке ерекше әсер сыйлап, еліңе, халқыңа деген мақтаныш пен қуаныш сезімін ұялататын тағылымды сәт болды.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз үшін маңызды бұл ұлттық мереке тәуелсіздігімізді нығайтуға, бірлік пен келісімді бекемдеуге үлкен ықпал етеді. Біз, жастар, еліміздің одан әрі дамып, өркендеуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
– Талдықорған тұрғындарымен қоса барша жерлестерімді осы айтулы мерекемен құттықтаймын. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен береке-бірлік орнасын. Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Осы күні Көксу және Сарқан аудандарындағы жаңадан орнатылған 3 ту тұғырымен қоса 42 елді мекендегі ту тұғырларында тағы 42 Мемлекеттік Ту көтерілді.
Атап өтсек, биыл өңірде Мемлекеттік рәміздер күніне және Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «35 ауыл – 35 Тұғыр» акциясы аясында ту тұғырлары орнатылған болатын.
