Нобель кітапханасына қазақ қаламгерлерінің кітаптары табысталды

204
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fi69MWU85aHndC4Q2pWmWSk9eK4K2n8o70sQN1nk.jpg

Швед академиясының арнайы шақыруымен Стокгольм қаласындағы Нобель кітапханасы мен архивіне зерттеу жұмысын жүргізуге келгеніме бүгін үшінші күн.

Осы сапардың алғашқы күнінен бастап алдыма қойған маңызды мақсаттарымның бірі – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын әлемдік әдебиеттің аса маңызды орталықтарының бірі саналатын Нобель кітапханасына табыстау еді. Бүгін, міне, сол ниетім жүзеге асып, көптен бері ойымда жүрген игі істің сәті түсті.
Анығында,қазақ қаламгерлерінің кітаптарының Нобель кітапханасына жетуі – қазақ әдебиетін әлемге танытуға, ұлттық сөз өнерінің бай мұрасын халықаралық ғылыми-әдеби кеңістікке енгізуге бағытталған маңызды қадам. Мұнда жеткізілген әр кітаптың артында халқымыздың тарихы, дүниетанымы, рухани болмысы мен көркем ойының тереңдігі жатыр.

Сонымен Нобель кітапханасына "Атамұра" баспасынан шыққан Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы,Ілияс Жансүгіровтың ағылшын тілінде шыққан "Құлагер" кітабы,Таласбек Әсемқұловтың испан тіліндегі "Талтүс" романы,Рахымжан Отарбаевтың неміс тілінде жарық көрген "Бас" романы,Тынымбай Нұрмағанбетовтың екі кітабы,Роза Мұқанованың жақында жарық көрген ағылшын тіліндегі "Қарауыл періштесі",Жүсіпбек Қорғасбектің "Кельндегі көкжал" романы,Қытайда тұратын танымал қазақ жазушысы Оразхан Ахметтің "Тұлпардың соңғы тұяғы" шығармасы,"Фолиант" баспасынан шыққан Ұлықбек Есдәулеттің "Ынтықзар" өлеңдер жинағы,Сәуле Досжанның ағылшын тілінде басылған  "Көрдемшенің қасіреті" шығармасы,Қанат Әбілқайырдың "Ағыраптағы аты жоқ адам" туындысы,Ербол Алшынбайдың Түрік тілінде жарық көрген "Кеш батар алдындағы әкемнің көлеңкесі" атты жыр жинағы,Абай Аймағанбетовтың "Толқынды күткен бала" романы,Дүйсенәлі Әлімақынның "Америка ашқан қазақтар" кітабы табыс етілді.
Кітаптарды қабылдап алған Нобель кітапханашысы Ларс Льюнгдһл:"Осыншама көп кітапты алыстан көтеріп келіп,бізге табыстап жатқаныңызға рахмет!Меніңше кітап жеткізу - бір елдің тарихын,мәдениетін,ақыл ойы мен парасатын жеткізу. Сіз мұнда әр тілде шыққан кітаптарды әкеліпсіз. Әсіресе неміс тіліндегі кітаптар мұнда жиі оқылады. Сіз әкелген мынау "Тұнық су" атты кітап пен "Бас" романын өзім де оқып шығармын. Мұнда келетін оқырмандарға да бұл кітаптар қызық болар  деп ойлаймын" деген жылы лебізін айтты.

Әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары жинақталған Нобель кітапханасына қазақ авторларының еңбектерін ұсыну арқылы ұлттық сөз өнерінің байлығы мен көркемдік әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар әртүрлі тілде жарық көрген кітаптардың табысталуы қазақ әдебиетінің шекара асып, өзге халықтардың рухани қазынасымен үндесуге деген ұмтылысын айғақтайды.
Швед академиясының Нобель кітапханасы 1901 жылы құрылған. 1921 жылдан бастап кітапхана Стокгольм қаласының Ескі қаласындағы Қор биржасы ғимаратында, Швед академиясының ғимаратында орналасқан.

Нобель кітапханасы Нобель қоры мен Швед академиясының қаржыландыруымен жұмыс істейді. Кітапхананың негізгі міндеті заманауи әдеби шығармаларды, көп жағдайда олардың түпнұсқа тіліндегі нұсқаларын, сондай-ақ әдебиеттану мен тіл білімі теориясына қатысты кітаптарды жинақтау және оқырмандарға қолжетімді ету.

Қазіргі уақытта кітапхана негізінен Швециядан тыс жерлерде жарық көретін шамамен 150 әдеби журналға жазылады. Бұл журналдар кітапхана қорын толықтыру үдерісінде маңызды рөл атқарады. Мақалалар, рецензиялар, шолулар және сұхбаттар сияқты материалдар кітапхананың дерекқорына тұрақты түрде енгізіліп отырады.
Қорында шамамен 200 000 том кітап бар Нобель кітапханасы Скандинавия аймағындағы әдебиетке маманданған ең ірі кітапханалардың бірі.
Кітапхананың әдеби мұрасын сипаттағанда Джеймс Джойс, Райнер Мария Рильке секілді әлем әдебиетіне елеулі үлес қосқан қаламгерлердің шығармашылығын зерттеуге арналған әдебиеттерді атап өтуге болады. Джеймс Джойстың «Улисс» романы XX ғасырдағы модернистік әдебиеттің маңызды туындыларының бірі саналады. Ал Райнер Мария Рилькенің поэзиясы неміс әдебиетінің көрнекті жетістіктерінің қатарына жатады. Осындай авторлардың шығармаларын зерттеуге арналған кітаптар мен ғылыми материалдар әдебиеттің тарихи дамуын түсінуге көмектеседі.

Ендеше осындай руханият ордасына қазақ қаламгерлерінің еңбектерінің қосылуы ұлттық әдебиетіміздің халықаралық деңгейде танылуына жол ашады.
Бұл сапар мен үшін ғылыми ізденіспен ғана шектелмейді. Ол – қазақ руханиятын әлемдік кеңістікпен байланыстыруға, әдеби мұрамыздың қадір-қасиетін кеңінен танытуға бағытталған рухани миссия. Нобель кітапханасы мен архивіндегі зерттеу жұмыстары барысында жинақталған деректер мен тәжірибе де алдағы уақытта қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеу, насихаттау ісіне өз үлесін қосады деп сенемін.

Дүйсенәлі Әлімақын  

Комментарии
Другие материалы