Austrian Airlines ұшағына қауіп төнді. Жолаушылар эвакуацияланды

231
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cOLKScv6667AkNg5YNvF70zxXv0r4is6Y9YaaUJZ.jpg

Жарылыс қаупіне байланысты Тель-Авивтен ұшқан Austrian Airlines ұшағы Софияға шұғыл қонды. Болгария әскери-әуе күштері әуе кемесін алып жүру үшін МиГ-29 жойғыш ұшағын көкке көтерген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі euronews.com-ға сілтеме жасап.

Austrian Airlines әуе компаниясының Тель-Авивтен Венаға бағыт алған ұшағы бомба қойылғаны туралы хабарға байланысты жексенбі күні Болгарияға бағыт алуға мәжбүр болған. Бұл туралы Болгария билігі мен әуе компаниясы мәлімдеді.

Болгария Көлік министрлігінің хабарлауынша, Румынияға жақындаған кезде экипажға бомба туралы қоқан-лоқы жасалған. Осыдан кейін Austrian Airlines ұшағының экипажы Софияға шұғыл қону туралы шешім қабылдаған. Министрлік өкілдері ұшақ жерге қонған соң жолаушылардың әуе кемесінен эвакуацияланғанын айтты.

Министрліктің мәліметінше, белгіленген тәртіпке сәйкес Болгарияның әскери-әуе күштері лайнерді алып жүру үшін МиГ-29 жойғыш ұшағын көкке көтерген.

Ұшақ бортында 51 жолаушы мен экипаждың алты мүшесі болған. Қауіп туралы хабар түскеннен кейін шамамен жарты сағат өткенде Airbus A320 ұшағы София әуежайына сәтті қонған. Одан кейін әуе кемесін қауіпсіздік қызметтері тексерген.

«Ұшақты тексеру аяқталған соң жолаушылар мүмкіндігінше тез арада басқа рейстерге қайта тіркеледі», – деп хабарлады әуе компаниясы.

Flightradar24 сервисінің мәліметінше, OE-LZE тіркеу нөмірі бар ұшақ шамамен сағат 21:10-да Румынияның әуе кеңістігіне кірген. Кейін оңтүстікке бұрылып, Болгария бағытына кері қайтқан және Софияға қонған.

Ал ADS-B Exchange әуе рейстерін бақылау платформасының деректеріне сәйкес, шамамен осы уақытта ұшақтың транспондері 7700 кодын таратқан. Бұл код жалпы төтенше жағдайды білдіреді.

Болгарияның Көлік министрлігі дағдарыс жағдайына ден қою жөніндегі штаб құрылғанын және құзырлы органдар оқиғаны тергеуге кіріскенін хабарлады.

Өткен айдың соңында да осыған ұқсас оқиға болған. Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған flydubai әуе компаниясының рейсінде екінші ұшқыш әуе кемесінің командиріне шабуыл жасап, ұшақты қасақана апатқа ұшыратуға әрекеттенген еді. Алайда оны капитан, жолаушылар мен экипаж мүшелері тоқтатқан.

Ал өткен аптада Грекияның Корфу курорттық аралынан Германияның Нюрнберг қаласына бағыт алған ұшақтан әуе кемесін басып алу туралы қате дабыл берілген. Осыдан кейін Хорватия мен Германияның әскери-әуе күштері жойғыш ұшақтарын шұғыл түрде әуеге көтерген.

Комментарии
Другие материалы