Германияның Әуе күштері мен НАТО-ға мүше тағы 16 елдің бөлімшелері Италияда өтетін Steadfast Noon ядролық оқу-жаттығуларына қатысады. Бұл туралы dpa жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Маневрлер шамамен бір жарым аптаға созылады.
Жаттығуға қатысу үшін Рейнланд-Пфальц федералды жеріндегі Бюхель әуе базасынан Италиядағы әскери әуе базасына Tornado үлгісіндегі үш жойғыш ұшақ жіберілген.
НАТО мәліметінше, биылғы оқу-жаттығудың ауқымы былтырғы деңгеймен шамалас. Оған шамамен 2 мың әскери қызметкер мен 70-тен астам ұшақ жұмылдырылған.
НАТО-ның ядролық саясат департаментінің басшысы Нассима Барроуздың айтуынша, оқу-жаттығудың мақсаты — альянстың өз аумағын қорғауға дайын әрі қабілетті екенін көрсету.
НАТО өкілдері маневрлердің жоспарға сәйкес өткізіліп жатқанын және қазіргі оқиғаларға қатысы жоқ екенін атап өтті. Жаттығу барысында нақты ядролық қару қолданылмайды, тек оқу-жаттығуға арналған макеттер пайдаланылады.
Айта кетейік, оқу-жаттығу 13 қазаннан 23 қазанға дейін жалғасады. Италия аумағында мұндай маневрлер жетінші рет өткізіліп отыр.
