Түркия Қазақстан мен Қырғызстанды да әскери жаттығуға шақырды

210
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DDL24KthIM6Kjp4VQDJqf3odeNMtmuCV8msgowVv.webp

Фото: Report

Әзербайжанда Түркия мен Өзбекстан әскери қызметшілері де қатысқан «Бірлік күші – 2026» бірлескен әскери оқу-жаттығуы аяқталды, деп хабарлайды "Адырна".

Report агенттігінің Әзербайжан Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, оқу-жаттығулар Қарабах экономикалық ауданындағы «Гызылгая» оқу орталығында, Нахчыван Автономиялық Республикасындағы «Қарабахлар» оқу орталығында және Каспий теңізіндегі Әзербайжан акваториясында орналасқан «Бёюк Зиря» полигонында өтті.

Жаттығулардың жабылу рәсімі Жоғары лауазымды бақылаушы күні өткізілгеннен кейін ұйымдастырылды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Әзербайжан, Түркия және Өзбекстанның мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Рәсім барысында сөз сөйлегендер үш елдің әскери қызметшілері қатысқан оқу-жаттығу тәжірибе алмасуға, жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруға және достық байланыстарды нығайтуға ықпал еткенін атап өтті. Тоғыз елдің өкілі оқу-жаттығуларға бақылаушы ретінде қатысты.

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін әрдайым соғысқа дайын болу қажет деп санайды.

Министр Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан әскери қызметшілерінің оқу-жаттығу аясындағы даярлығы сәтті аяқталғанын атап өтті.

«Оқу-жаттығуға қатысқан бауырларымды құттықтаймын. Алдағы уақытта Қырғызстан мен Қазақстаннан да бауырларымыздың қатысуымен бұдан да ауқымды бірлескен оқу-жаттығуларды жоспарлап, сәтті өткізетінімізге сенемін. Егер бейбітшілік пен тыныштықты қаласақ, соғысқа дайын болуымыз керек. Сондықтан өңірдегі жағдайды ескере отырып, дайындық деңгейімізді барынша қамтамасыз етіп, бейбіт өмір сүретін боламыз», – деді Яшар Гюлер.

Сондай-ақ күрделі жер бедерінде, шынайы ұрыс жағдайына барынша жақын ортада тапсырмаларды орындау кезінде әскери қызметшілер жоғары кәсіби шеберлік, тактикалық сауаттылық пен іс-қимыл үйлесімділігін көрсеткені айтылды. Әскери қызметшілер алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындады.

Іс-шара соңында оқу-жаттығу барысында ерекшеленген әскери қызметшілерге сыйлықтар табысталды. Бұдан кейін жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер мінбер алдынан салтанатты шерумен өтті.

Жабылу рәсімі Әзербайжанның Ази Асланов атындағы Әскери идеологиялық және мәдени орталығы шығармашылық ұжымының өнер көрсетуімен аяқталды.

Комментарии
Другие материалы