Фото ЖИ көмегімен жасалды
Ресейдің Камчатка өлкесіндегі Соболевск округінде аю мүкжидек теріп жүрген ер адамға шабуыл жасап, оны мерт қылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Бұл туралы өңірлік аңшылық бақылау қызметі хабарлады.
Оқиға Устьевое ауылынан шамамен 10 шақырым жерде болған. Бір топ адам тундраға жидек теру үшін ер адамды қалдырған. Біраз уақыттан кейін ол телефон арқылы бір шелек мүкжидек жинағанын айтқан.
Кейін ер адамға аю жақындап, өзі жинаған жидектерді жей бастаған. Осыдан соң онымен байланыс үзілген.
Оқиға орнына қайта барған адамдар жыртқышты көрген, алайда ер адамды таппаған. Кейін аюдың оған шабуыл жасап, мерт қылғаны анықталған. Жыртқыш марқұмның денесін топырақпен көміп кеткен.
Мамандардың мәліметінше, ер адам тундрада аюлар мекендейтін аумақта жалғыз жүрген.
Оқиғадан соң аю атылған.
