Ресей президенті Владимир Путин армияның штаттық санын 15,5 мың адамға арттыру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі currenttime.tv-ге сілтеме жасап.
Енді армияның жалпы саны 2 441 630 адамға жетіп, оның ішінде 1 550 500-і әскери қызметкер болмақ.
Соңғы жеті ай ішінде бұл армияның штаттық санын төртінші рет ұлғайту болып отыр. Бұған дейінгі өзгерістер наурыз, маусым және шілде айларында қабылданған. Жалпы алғанда, сол кезде армия қатарына 52 500 штаттық бірлік қосылған. Алдыңғы жарлыққа сәйкес, 1 тамыздан бастап Ресей Қарулы күштерінің штаттық саны 2,43 миллион адамды, оның ішінде 1,54 миллион әскери қызметкерді құрауы тиіс еді.
Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағанынан бері Владимир Путин армия санын ұлғайту туралы жетінші жарлыққа қол қойып отыр. Соғыс басталғанға дейін Ресей Қарулы күштерінің құрамында 1,90 миллион адам, оның ішінде 1,01 миллион әскери қызметкер болған. Содан бері әскери қызметкерлер саны 50 пайыздан астам өскен.
Saratoga Foundation қорының аға ғылыми қызметкері Павел Лузин The Insider басылымына берген сұхбатында бұл кеңейтуді «қағаз жүзіндегі өзгеріс» деп атап, оның армияда шын мәнінде қосымша 15,5 мың әскери қызметкер пайда болды дегенді білдірмейтінін айтты.
«Штаттық бірліктер, ең алдымен, нақты адамдардың болуын емес, қаржыландыруды білдіреді. Әскерилер кейде құрылыс батальондарын қайта құруды, кейде басқа да құрылымдарды ашуды жоспарлайды. Осындай мақсаттарға байланысты мыңдаған жаңа штаттық орын енгізіледі», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, жаңа жарлық «нақты адамдар туралы емес, ұзақ мерзімді перспективадағы қаржы мен лауазымдар туралы». Оның пікірінше, әскери құрылымдар соғыстың барысына қарамастан, ұзақ уақытқа жоғары деңгейдегі қаржыландыруды қамтамасыз етуге ұмтылады.
