«Өтірік есептер ешкімге қажет емес». Президент әскерден реформа күтеді

135
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7P039mzLctuebatVqoyF8nuLtznWFPgyfvZqR1T3.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткен кеңесте әскерді реформалау керегін айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға берді.

"Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

"Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары", – деді Мемлекет басшысы.

Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді. 

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет.  Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында. 

“Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс”, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау мәселесіне тоқталды

“Жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери салада атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент армияда цифрлық трансформация жүргізуді, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.

“Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес”, – деді Президент.

Комментарии
Другие материалы