Павлодарда 20 мың ағаш көшеті отырғызылуда

121
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Fnx8YA0Sx4szVAf46YtzdS0JOth5qmyfVXJD1NG3.jpg

19 қыркүйекте, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың бастамасымен өңірде жалпыоблыстық сенбілік өтті. Павлодар қаласында тазалықпен қатар, жасыл желекті жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді.

Қаладағы жасыл желекті жаңғырту жобасы аясында Сәтбаев көшесінде ескі ағаштардың орнына жаңа түп ұсақ жапырақты жөке отырғызылды. Бүгін мұнда 60 көшет егілді. Жөке ағаштарын отырғызу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Күзгі маусымның соңына дейін қала аумағында осы тұқымдас тағы 536 түп ағаш отырғызу жоспарланған.

Жалпы, биыл Павлодарда көгалдандыру жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілуде. Көктемде Жаңа ипподромның шығыс жағындағы жасыл белдеуге 9 мың көшет отырғызылды. Күздің соңына дейін бұл аумаққа тағы 10 мыңға жуық көшет егу көзделген. Осылайша, жыл соңына дейін қала аумағында шамамен 20 мың жаңа көшет отырғызылады.

Бұл жұмыстар соңғы жылдардағы жүйелі көгалдандыру шараларының жалғасы. 2023-2025 жылдары Павлодарда қарағай, шырша, қайың, шетен, арша және татар үйеңкісін қоса алғанда, 60 мыңға жуық көшет егілді.

Бүгінгі сенбілік барысында Усолка көпірі маңында да ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл жұмыстар қаланың тазалығын сақтап қана қоймай, Павлодардың жасыл қорын көбейтуге бағытталған. Өйткені бүгін отырғызылған әрбір көшет – қаланың ертеңгі көркі мен тұрғындарға жайлы ортаның бір бөлігі.

Өңірде тазалық айлығы 12-қазанға дейін жалғасады.

Комментарии
Другие материалы