Бишімбаев отырған колонияда кіру-шығуды бақылайтын жаңа жүйе іске қосылды

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pxCX2RpxFSUrtmPW3R3DJ0h1WKWao7dM5d3AaHKf.jpg

Ақмола облысының Степногорск қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №5 мекемесінде кіру-шығуды бақылайтын жаңа бейнедомофон жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы хабарлады. Прокуратура мәліметінше, биыл Степногорскідегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен қаржы бөлу мәселесі шешілген.

Осының нәтижесінде №5 мекемеге заманауи бейнедомофон жүйесі орнатылды. Сотталған адам мекеме аумағынан шығу үшін шақыру түймесін басады. Кезекші қызметкер бейнебайланыс арқылы оның жеке басын анықтап, шығу мақсатын нақтылайды. Рұқсат берілгеннен кейін ғана есік ашылады және автоматты түрде қайта жабылады.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, жаңа жүйе сотталғандардың мекеме ішінде бақылаусыз қозғалуына жол бермей, өткізу тәртібін күшейтуге және қызметкерлер мен нысан қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сотталғандардың қозғалысын реттейтін заманауи бейнебақылау және кіруді басқару жүйелерін енгізу мекемелердегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі екені атап өтілді.

Еске салайық, ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған. Ол жазасын Степногорскідегі Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №5 мекемесінде өтеп жатыр.

Комментарии
Другие материалы