Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы жолаушылар тасымалын қайта жандандырады. Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оның сөзінше, Құрық – Баку – Құрық бағыты бойынша паром желісі арқылы жолаушылар тасымалын қайта іске қосу ұсынылған.
Елші Әзербайжан тарапы Қазақстанның бұл бастамасын қолдағанын жеткізді. Қазір екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Әлім Байелдің айтуынша, бұл бағыттағы тасымалдар 2020 жылға дейін жүзеге асырылып келген, алайда пандемияға байланысты тоқтатылған. Аталған маршрутпен жыл сайын шамамен 1,5 мың жолаушы қатынаған. Елші алдағы уақытта бұл бағытпен саяхаттағысы келетіндердің саны бұдан да арта түсетініне сенім білдірді.
