Алматыда Төле би даңғылымен келе жатқан ЗИЛ жүк көлігін өрт шарпыды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті жариялады, деп хабарлайды "Адырна".
Оқиға Байтұрсынов көшесімен қиылыста болған. Алдымен жүк көлігінің капот астынан түтін шыққан. Кейін көлікті жалын шарпыған.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері және жедел жәрдем бригадасы жетті. Мамандар өртті сөндіріп, полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алған.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, медициналық көмекке жүгінгендер болмаған.
Өрт сөндірілгеннен кейін көлік қозғалысын қалпына келтіру мақсатында жүк көлігі жолдың жүріс бөлігінен шығарылды.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
