Қытай көп мәрте пайдаланылатын зымыранды құрлыққа алғаш рет сәтті қондырды

417
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uf4ESN13XFYkSnYSTUSmdPixCfbOK5YhxWeXbLF7.jpg

Қытай алғаш рет «Чжуцюэ-3» көп мәрте пайдаланылатын зымыран-тасығышының алғашқы сатысын құрлыққа сәтті қондырды. Ұшыру 19 тамыз күні таңертең елдің солтүстік-батысындағы Дунфэн ғарыш айлағынан жүзеге асырылды, деп хабарлайды  «Адырна» тілшісі «Синьхуаға» сілтеме жасап.

«Чжуцюэ-3-Y2» (Zhuque-3, ZQ-3) зымыраны Бейжің уақыты бойынша сағат 07:35-те (Астана уақытымен 04:35 – ред.) ұшырылған. Бірінші саты бөлінгеннен кейін арнайы тіректердің көмегімен басқарылатын қону жасалған. Ал ZQ-3 зымыранының екінші сатысы ұшуын жалғастырып, «Хунху-3» спутнигін орбитаға шығарған.

Зымыранды Қытайдың коммерциялық аэроғарыштық компаниясы LandSpace әзірлеген. «Чжуцюэ-3» екі сатылы, ұзындығы 66,1 метр, корпусының диаметрі 4,5 метрді құрайды. Оның бірінші сатысы тарту күшін реттеуге мүмкіндік беретін тоғыз TQ-12A сұйық отынды қозғалтқышпен жабдықталған. Зымыран сұйық оттегі мен метан отынымен жұмыс істейді және Жердің төменгі орбитасына жүк шығаруға арналған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл сынақтың сәтті өтуі Қытайдың төменгі орбитадағы спутниктік топтамасын дамыту қарқынын жеделдетуі мүмкін.

Бұған дейін, 10 шілдеде Қытай алғаш рет «Чанчжэн-10B» (Long March 10B, CZ-10B) зымыран-тасығышының алғашқы сатысын теңіз платформасына сәтті қайтарған болатын. Сынақ елдің оңтүстігіндегі Хайнань аралында өткен. Зымыран Вэньчан ғарыш айлағынан ұшырылып, сатылардың штаттық бөлінуінен кейін алғашқы саты басқарылатын түрде төмен түсіп, арнайы теңіз платформасындағы торлы қону жүйесінің көмегімен ұсталып қалған.

Сол кезде жергілікті БАҚ бұл жетістікті Қытайдың ғарыш бағдарламасы үшін тарихи кезең деп бағалаған еді.

«Қытай зымыран-тасығыштың алғашқы сатысын тік бағытта қайтару технологиясын меңгерген әлемдегі екінші елге (АҚШ-тан кейін) айналды», – деп жазды қытайлық журналистер.

Комментарии
Другие материалы