Тәліптер келгелі Ауғанстанда 600-ге жуық медициналық мекеме жұмысын тоқтатқан

183
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rRRj4aT9r05cQgcCNvQpIPup66r1ApiBKY2nPGXx.jpg

Еуропалық одақ соңғы бес жылда Ауғанстанға миллиардтаған доллар көлемінде көмек көрсеткенімен, елдегі гуманитарлық жағдай нашарлай түсуде. 2026 жылы бес жасқа дейінгі шамамен 3,7 миллион бала тоя тамақтанбаудан зардап шегіп отыр. Ал халықаралық қаржыландырудың қысқаруы салдарынан 600-ге жуық медициналық мекеме жабылған немесе жұмысын тоқтатқан, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Fergana-ға сілтеме жасап.

Еуропалық одақтың 13 тамызда таратқан мәлімдемесінде 2021 жылдың тамызында «Талибан» билікке қайта келгеннен бері Брюссельдің Ауғанстанға 2 миллиард еуродан астам қаражат бөлгені айтылған. Қаржы гуманитарлық көмекке, денсаулық сақтау, білім беру салаларына және халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің (EEAS) мәліметінше, қаражат үкіметтік емес ұйымдар, БҰҰ құрылымдары, Халықаралық Қызыл Крест комитеті, Ауғанстан Қызыл Жарты Ай қоғамы және Дүниежүзілік банк арқылы жеткізілген. Бұл қаражат «Талибан» бақылауындағы мемлекеттік құрылымдар арқылы өтпейді және оларға пайда әкелмейді.

Соған қарамастан, гуманитарлық ұйымдар жергілікті жерлердегі жағдайдың күрт нашарлағанын ескертіп отыр. Pajhwok Afghan News басылымының мәліметінше, соңғы төрт жылда бес жасқа дейінгі тамақ тапшылығына ұшыраған балалар саны 14 пайызға өсіп, 2026 жылы шамамен 3,7 миллионға жеткен. Бұл – осы жас санатындағы әрбір оныншы бала. Биылғы жылдың екінші тоқсанында жағдай Ауғанстан провинцияларының үштен екісінде өткен жылмен салыстырғанда нашарлаған.

Сонымен қатар гуманитарлық қаржыландырудың қысқаруына байланысты елдегі 600-ге жуық медициналық мекеме жабылған немесе жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан шамамен 4 миллион адам медициналық қызметтен қағылған, олардың жартысына жуығы – балалар.

Save the Children ұйымының Ауғанстандағы директоры Ашиш Дхаммалдың айтуынша, аштықтың күшеюі, миллиондаған мигранттың оралуы, халықтың ішкі қоныс аударуы, табиғи апаттар мен ұзақ жылдарға созылған құрғақшылық онсыз да шектеулі гуманитарлық ресурстарға қосымша салмақ түсіріп отыр. Ол халықаралық қауымдастықты дағдарыс тереңдеп кетпей тұрғанда әрекет етуге шақырды.

Ал Al Jazeera басылымының Save the Children деректеріне сүйенген мәліметіне сәйкес, соңғы төрт жылда Ауғанстанға халықаралық гуманитарлық көмек көлемі шамамен 70 пайызға қысқарған. Егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,27 миллиард доллар болса, 2025 жылы шамамен 1 миллиард долларға дейін төмендеген. 2026 жылдың ортасына қарай қажет қаржыландырудың небәрі 438 миллион доллары ғана қамтамасыз етілген, яғни тапшылық шамамен 74 пайызды құрайды.

Осылайша, қайшылықты жағдай қалыптасып отыр. Еуропалық одақ «Талибан» билікке оралғаннан кейін Ауғанстанға 2 миллиард еуродан астам көмек көрсеткенін мәлімдесе, гуманитарлық ұйымдар балалар арасындағы тамақ тапшылығының артуын және халықтың негізгі медициналық қызметтерге қолжетімділігінің төмендеуін тіркеп отыр. Сарапшылар мұны барлық донорлардан келетін халықаралық көмектің, әсіресе қаржыландыруды күрт қысқартқан АҚШ сияқты ірі донорлардың үлесінің азаюымен түсіндіреді. Сондықтан Еуроодақтың үлесі артқанымен, жалпы халықаралық көмек көлемі төмендеп барады.

Комментарии
Другие материалы