ChatGPT арқылы ұлын өлтіруді жоспарлаған ер адам ұсталды

92
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HDlYIWqkQR4xV20NI6p0CtvlUcWjZ6Xpjk9pMxjf.webp

Бразилияда 36 жастағы ер адам 8 жастағы ұлын және өзін өлтіруді жоспарлады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы жергілікті БАҚ BILD басылымына сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Тергеу мәліметінше, күдікті екі айдан астам уақыт бойы ChatGPT-пен сөйлесіп, өз жоспарын егжей-тегжейлі талқылаған. Жүйенің қауіпсіздік механизмі әңгімелерден қауіп белгілерін анықтап, ақпаратты OpenAI-ға жеткізген. Кейін компания бұл мәліметті АҚШ Федералды тергеу бюросына (FBI) хабарлаған. Ал америкалық тарап ақпаратты Бразилия құқық қорғау органдарына жолдаған.

Дерек Бразилия Әділет министрлігінің Ciberlab технологиялық бөлімшесіне 16 маусымда түскен. Үш күннен кейін полиция арнайы операция өткізіп, күдіктіні ұстады. Тергеушілердің айтуынша, ер адам қылмысты 20 маусымда жасауды жоспарлаған.

Тергеу барысында оның мұндай әрекетке баруына алимент төлеуден жалтару және ұлымен қарым-қатынасының болмауы себеп болғаны анықталған. Тінту кезінде күдіктінің үйінен белгісіз сұйықтық құйылған төрт бөтелке мен арқан табылған.

Ер адам қамауда 54 күн отырғаннан кейін, 13 тамызда босатылды. Сот тергеудің ұзаққа созылғанын ескеріп, оны әрі қарай қамауда ұстау қажеттілігі жоқ деп шешкен. Қазір күдікті электронды білезік тағып жүр. Сондай-ақ оған ұлына және баланың анасына жақындауға тыйым салынған.

Күдіктінің адвокаты Педро Песси қорғау тарапының ұстанымын білдіріп, ChatGPT-пен сөйлесудің өзі қылмыс болып саналмауы тиіс екенін мәлімдеді.

Комментарии
Другие материалы