Ыстықкөлдегі Орталық Азия медисарапшыларын басын қосқан жазғы мектеп

420
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WFgrMOYNRRzfEXUkUrhYWumi55IbZeMcpLf8qfwd.jpg

14-ші Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебінде «Adyrna.kz» ұлттық порталының өкілдері мен Орталық Азия ғалымдары кадр даярлау мен ЖИ дәуіріндегі медиапрактиканы талқылады.
 
Он төрт жыл бойына Ыстықкөл жағалауындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт сауықтыру орталығы Орталық Азияның медиасарапшылары, ғалымдары мен студенттері қатысатын диалог алаңына айналып келеді. Абай атындағы ҚазҰПУ мен Орталық Азия-Қытай журналистикасын зерттеу қауымдастығы ұйымдастырған, ЮНЕСКО-ның Жаһандық медиа және ақпараттық сауат апталығына арналған биылғы жазғы мектеп «Ақылды коммуникациялар: медиа және цифрлық сауат» тақырыбында өтті.

«Adyrna» ұлттық порталының негізін қалаушы, медиасарапшы Арман Әубәкірдің шеберлік сыныбы болды. Отандық медиа индустрияның практик өкілі ретінде «Журналист кадрларын даярлауда теория мен практиканың сабақтастығы: жас мамандарды кәсіби бейімдеу мәселелері» тақырыбында көлемді практикум өткізді. Спикер заманауи ақпараттық агенттіктің жұмыс процесін нақты кейстер арқылы жіктеп атап өтті.  

Контент өндірісінің толық циклы қандай болмақ? Ақпаратты іздеу, дереккөзді верификациялау, оны цифрлық платформаларға бейімдеп таратуға дейінгі практикалық қадамдарды таратып атаған журналист теория мен практика сабақтастығына ерекше тоқтады. Журналистика дипломын қолына алған түлекті кәсіби бейімдеу мәселесіне ерекше назар аударған маман аудиториялық білім мен редакциядағы жұмыста үйлесім қалай болуы керектігін мысалардамен дәлелдеді. Кәсіби медиа басшы ретінде спикер цифрлы ұрпақ дәуірінде жас маманды кәсіпке баулу проблемаларын атап қоймастан, тиімді жолдарын ұсынды. Мәселен, жедел жаңалықтармен жұмыс, цифрлық гигиена және фактчекинг тұрғысында мамандарды баулу ерекше жауапкершілікті қажет етеді.

Орталық Азия ғалымдары жазғы мектептің өтуіне ұйымдастыруда ақпараттық қолдау көрсеткен  «Adyrna.kz» порталының жетекшісіне ризашылықтарын білдірді.

Визуалды контент даярлаудағы медиаэтика мәселелеріне қатысты саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева шеберлік сыныбын өткізді. Ол «Қазақстанның медиапрактикасы: визуалды коммуникациялар және контент өндірісі» дәрісінде медиадағы «визуалды бетбұрыс» (Visual Turn), қысқа видеолардың (Reels, TikTok, Shorts) тренді және жасанды интеллект дәуіріндегі дезинформациямен күрес жолдарын сараптады.



Практикалық блокты SDU университетінің қауымдастырылған профессоры Әйкерім Әлімжанованың авторлық бейнеконтент пен визуалды сторителлинг жасау методологиясы толықтырды.
Орталық Азия елдерінің медиапрактикасы мен өңірлік ерекшеліктерін талқылаған сессиялар барысында өзекті практик-кейстер талқыналды. Қырғызстандағы БАҚ шағымдарын қарастыру комиссиясының төрайымы Тамара Валиева елдегі баспасөз статистикасы туралы деректермен қатар жалған ақпаратпен күрес пен журналистердің құқын қорғаудағы медиа сауат рөлін ерекше атап өтті.  Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті кафедра меңгерушісі Әсел Эшимканова цифрлық мәдениет пен қауіпсіздік тренингін өткізді.

Тәжікстандағы Бохтар мемлекеттік университетінің доценті Дилором Махкамзода журналист тәжірибесіндегі ЖИ құралдарын (Speech-to-Text, диалектілерді тану) және көптілді баспасөздегі аударма мәселелерін ортаға салды.

Мирзо Ұлықбек атындағы ӨзҰУ профессоры Якутхон Маматова Өзбекстанның Медиасауаттылық жөніндегі ұлттық стратегиясы мен когнитивті төзімділік тұжырымдамасын таныстырды.
Ыстықкөлдегі Халықаралық жазғы журналистика және коммуникация мектебі медианың келешегін академиялық зерттеулермен қатар практикалық тәжірибесін ұштастыру арқылы ғана дамитынын дәлелдеді.

Комментарии
Другие материалы