Аймақ елдері Сырдария суын автоматтандыруды талқылады

123
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YwZvROb9AwiiamGHKUG8DcptzwOPU8RIsmuzCcsh.webp

Түркістанда өткен Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 94-отырысында Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізу жоспарының жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Жиынға Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның су шаруашылығы саласына жауапты ведомстволарының басшылары қатысты. Отырыс барысында тараптар 2026 жылдың вегетациялық кезеңге арналған Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі су пайдалану лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимін қарастырды.

Қабылданған шешімге сәйкес, қыркүйек айына дейін Сырдария бассейнінде су есебін автоматтандыру жоспарын әзірлейтін арнайы жұмыс тобы құрылады. Сонымен қатар қатысушылар Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан CAWEC гранттық жобасының іске асырылу барысын талқылады. Аталған жоба Орталық Азиядағы су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы міндеттердің орындалу мәселесі қаралды.

Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірден бері Шардара су қоймасына шамамен 3 миллиард текше метр су түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен және көпжылдық орташа көрсеткішпен салыстырғанда жоғары. Қазір Сырдария бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы қолайлы деп бағаланып отыр. Ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін су беру жоспарлы режимде жүргізілуде.

 

Комментарии
Другие материалы