"Ұлдананың ақшасына несиесін жаптық, жылдық асы туралы заң жоқ". Әділет Зейнелдің анасы ұлының қайта үйленуіне қатысты пікір білдірді

85
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HCTsjsUahjOlgGIYT82SJQr7MLjgfTy27UPMXDVg.webp

Қазақстан Халық партиясы ютуб арнасында Астанада қызмет кезінде қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның бұрынғы жұбайы Әділет Зейнел мен оның анасының сұхбатын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Подкаст барысында жүргізуші қоғамда Әділет Зейнелдің қайта үйленуіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатқанын, көпшілік оның марқұм жұбайының қазасынан кейін бір жыл күтпегенін сынға алғанын атап өтті.

Әділет Зейнелдің анасы мұндай пікірлерге жауап беріп, заңнамада белгілі бір мерзім өткеннен кейін ғана қайта отбасын құру қажет деген талап жоқ екенін айтты.

«Ешқандай заңда жарты жыл немесе бір жыл күту керек деп жазылмаған. Мен өз баламның күлгенін, екінші жартысын тапқанын қаладым. Түнде ұйықтамай, өз балаң өзіне бірдеңе істеп қоя ма деп алаңдап жүретінмін. Кім не десе де, мен баламның тірі, аман, бақытты болғанын қалаймын. Ол бәрі үшін ер азамат шығар, ал мен үшін өмір бойы бала болып қала береді», – деді Эльза Ерманова.

Сондай-ақ, сұхбат барысында халық сұраған 20 млн теңге өтемақының да қайда жұмсалғанын айтты. 

"Ол ақшаға Ұлдананың көлігінің несиесін жаптық. Ол шамамен 10 млн теңге болды. Қалған сомма оның ұзатуына алынған несиені төлеуге кетті. Мен барлық есептерді әкелдім", - деді ол. 

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан мен реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнел 2025 жылғы 30 қыркүйекте шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыпты бұған дейін сегіз жыл бойы қарым-қатынаста болған.

2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасының құрамында болған фельдшер Ұлдана Мырзуан құтқару жұмыстары кезінде үстіне құлаған кондиционер құрылғысынан ауыр жарақат алған. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті. Ұлдана Мырзуан 10 күн бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдағанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол 2025 жылғы 18 қарашада 23 жасында қайтыс болды. Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Ал арада сегіз ай өткен соң Әділет Зейнелдің басқа бойжеткенге үйленгені туралы ақпарат тарап, қоғам назарын аударған. 

 

Комментарии
Другие материалы