Алматыда ALMA LOVE 2026 фестивалінің алғашқы күні EcoDay экологиялық акциясымен өтті

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZG12SpOqz03agYflhQzEcRKSbrcWMYWsM9CvZRnJ.jpg

Алматы қаласында ALMA LOVE 2026 жастар фестивалінің өз бастауын алды. Фестивальдің алғашқы күні тамыздың 2-сі жалпыхалықтық«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған EcoDay экологиялық акциясымен басталды. Қаланың әртүрлі аудандарында өткен экологиялық іс-шараларға 600-ден астам жас қатысты.

Фестивальдің алғашқы күні жастар ұйымдары, еріктілер, белсенді жастар және қала тұрғындары ортақ мақсатқа бірігіп, ALMA LOVE фестивалін туған қалаға деген жанашырлықтан бастады. Қатысушылар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді тазалап, экологиялық челленджтер ұйымдастырып, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, тазалықты сақтауға және өздері тұратын ауданның көркеюіне үлес қосуға шақырды.

Экологиялық акция биыл «Қала сенен басталады» ұранымен өтіп жатқан фестивальдің негізгі идеясын айқын көрсетті. Өйткені туған қалаға деген сүйіспеншілік ең алдымен күнделікті қарапайым әрекеттерден - өз ауласын, көшесін, қоғамдық кеңістіктерді таза ұстаудан және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудан басталады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылып, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды.

Акцияға қатысушылардың бірі мұндай бастамалардың жастарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретінін атап өтті.

«Біз фестивальді концертпен емес, пайдалы іспен бастадық. Бұл - туған қалаға деген сүйіспеншіліктің нақты әрекет арқылы көрінетінінің белгісі. Әр адам өз ауласына, көшесіне жанашырлық танытса, Алматы бұрынғыдан да таза әрі жайлы қалаға айналады. Азаматтық жауапкершілік дәл осындай қарапайым қадамдардан басталады», - деді эко-белсенді, блогер Дулат Набиев.

Жалпы EcoDay экологиялық акциясы аясында 600-ден астам адам қамтылды. Бұл шара 12 тамызға дейін жалғасатын ALMA LOVE 2026 жастар фестивалінің алғашқы іс-шарасы болды. Алдағы күндері фестиваль аясында білім беру, мәдениет, спорт, шығармашылық, волонтерлік және қоғамдық бастамаларды қамтитын ондаған іс-шара өтеді.

Айта кетейік, аталған фестиваль Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдаумын ұйымдастырылуда.

 

 

Комментарии
Другие материалы