Ақталып шыққысы келген экс-әкім алаяққа алданды

97
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Шалқар қаласының бұрынғы әкімі заңгерлік көмекке 4 млн теңге беріп, алаяқтық құрбаны болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақтөбе қаласының №2 сотында алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Іс материалдарына сәйкес, сотталушылар Т. Ақбота мен С. Қаламқас бірнеше адамды алдап, заңсыз ақша иемденген. Қылмыстық іс жеті эпизодтан тұрады, оның бірі Шалқар қаласының бұрынғы әкіміне қатысты.

Сот мәліметінше, С. Қаламқас Ақтөбе облысы заңгерлер палатасының мүшесі бола отырып, 2022 жылдың тамыз айында Шалқар қаласының экс-әкіміне құқықтық көмек көрсетіп, оның қорғаушысы болуға уәде берген. Алайда ол заң бойынша мұндай қызметті атқара алмайтынын біле тұра, жәбірленушіні жаңылыстырған.

Күдікті көрсетілетін қызмет үшін 8 млн теңге сұрап, оның алғашқы жарнасы ретінде 4 млн теңге алған. Жәбірленуші келісілген соманы келесі күні қолма-қол тапсырғанымен, тараптар арасында ешқандай келісімшарт жасалмаған.

Белгілі болғандай, бұрынғы әкім 2021 жылы Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.

Тергеу барысында Т. Ақбота мен С. Қаламқастың 2021 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында жалдамалы пәтер алып береміз деген желеумен де азаматтарды алдағаны анықталды. Олар Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларындағы бірнеше тұрғын үй кешенінен баспана алуға көмектесеміз деп уәде беріп, азаматтардан ақша алған.

Сот үкімімен Т. Ақбота алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасын өтеуі үш жылға кейінге қалдырылды. Ал С. Қаламқас 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырып, С. Қаламқасты Шалқар қаласының бұрынғы әкіміне 4 млн теңгені қайтаруға міндеттеді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Комментарии
Другие материалы